Вторник, 26 ноября, 2024

Абай облысын дамыту бойынша кешенді жоспардың бюджеті 1,9 трлн теңгені құрайды

Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Абай облысының әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспары туралы айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Кешенді жоспардың жобасы әртүрлі салалар бойынша жобаларды іске асыруды көздейтін 9 бағыттан тұрады және 102 іс-шараны қамтиды.

“2023-2027 жылдарға арналған инвестициялардың жалпы көлемі 1,9 трлн теңгені құрайды, оның ішінде республикалық бюджет есебінен 515 млрд теңге, жергілікті бюджет – 110 млрд теңге, жеке инвестициялар – 1,3 трлн теңге, сондай-ақ білім инфраструктурасын қолдау қоры арқылы – 22 млрд теңге қарастырылған”,- деді Қуантыров.

Ол атағандай, кешенді жоспар жобасы өнеркәсіпті дамыту бойынша бірқатар іс-шараларды қамтиды.

“Соның ішінде тау-кен байыту комбинатының құрылысы және «Айдарлы» мыс кен орнын игеру жұмыстары бар. Сондай-ақ, 6 өндірістік нысанның құрылысы және пайдалы қазбаларды анықтау үшін ауқымды барлау, геологиялық іздестірулер жүргізу және басқа да маңызды жобалар бар. Агроөнеркәсіп кешенін дамыту мақсатында суару жүйелері жабдықтарын сатып алу және инфрақұрылымды салу, ет және ет өнімдерін қайта өңдеу комбинатын, 2 сүт-тауарлы фермасын және 2 бордақылау алаңын салу жоспарланды,- деді ол.

Министр атағандай, кәсіпкерлік және туризмді дамыту үшін 2 сауда ойын-сауық орталығын, 5 жұлдызды қонақ үй кешенін және Алакөл көлінің жағалауында демалыс базасын салу жоспарланып отыр.

Өз кезегінде Премьер-министр Әлихан Смайылов жаңадан құрылған облыс сапалы дамуға жаңа серпін алатынын айтты.

“Ең бастысы – 14 мың жұмыс орны құрылып, жергілікті халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді,- деді Смайылов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған