Абай облысының Бесқарағай ауданындағы 11 күн бұрын тұтанған орман өрті сөндірілді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Семей Орманы» МОТР өкілдерінің ақпараты бойынша 26 шілдеде сағат 18: 00-де Бесқарағай ауданындағы орман өрті 385 гектар алқапта толығымен сөндірілді», — деп хабарлады Абай облысы ТЖД баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 15 шілдеде өртке қарсы қызметке Бегенев орманшылығында құрғақ шөптің өртеніп жатқаны және орман қорына қауіп бар екені туралы хабарлама түскен болатын.
«Семей Орманы» МОТР және Абай облысы ТЖД қызметкерлері дереу оқиға орнына барды. Оқиға орнына келген кезде орман алқабының жанып жатқаны анықталды. Өртті сөндіру ауа райының қолайсыздығына: жоғары ауа температурасы, қатты жел және тығыз өсетін дақылдардың болуы, сондай-ақ тұзды және батпақты жерлерге байланысты қиындады», — дейд ТЖД өкілдері.
Орман шаруашылығы қызметкерлерінің, азаматтық қорғау органдары мен орманшылар, өрт сөндірушілер ыстық ауа райына қарамастан өртпен күресіп, үйлесімді іс-қимыл арқасында өртті толығымен сөндірді.
Абай облысы ТЖД азаматтарды өрт қауіпсіздігі қағидаларын сақтауға шақырады.