ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымында «Абай өлеңдерінің қолжазбасы» атты кітаптың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Іс-шараны Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті жанындағы Түркітану орталығы мен Түрксой халықаралық ұйымы ұйымдастырды.
Еңбекті баспаға дайындаған академик ғалым Шерубай Құрманбайұлы, түркиялық жас ғалым Ержан Петек және лингвист зерттеуші Мәрлен Әділов.
Өлеңдер жинағы Немат Келімбетов атындағы Түркітану орталығында жарық көрді. Бұған дейін аталған орталықта Абайдың қара сөздер қолжазбасы (Ғақлия кітабы) және Абай тілінің ерекшеліктері деген кітаптар жарық көрген болатын.
Айта кететін жайт, Абайдың қолжазба өлеңдері алғаш рет жеке кітап болып шығарылып отыр. Өйткені Абай шығармаларының қолжазбасы мен транскрипциясы оқырман қауымға ұсыныла бермейтін. Қолжазбаны тек тіл мамандары мен мәтінтанушылар ғана көре алатын. Енді қолжазбалар мен олардың дәлме-дәл оқылуы қалың оқырмандарға жол тартты.
Абайдың өлеңдерін хатқа түсірген Мүрсейіт екендігі белгілі. Осы күнгі ұлы ақын шығармаларының түгелі Мүрсейіт жазбалары арқылы жетті. Таныстырылымы өткізілген кітап 1907 жылғы Мүрсейіт қолжазбасынан тұрады. Онда Абай Құнанбайұлының 138, Ыбырай Алтынсарының 3, Мағауияның 5, Шәкәрімнің 1; Ақылбайдың 1 және авторы белгісіз 6 өлең қамтылған. Абайдың «Біраз сөз қазақтың түбі қайдан шыққандығы туралы» атты мақаласын қосқанда жалпы 155 шығарма бар.
Өлеңдер қазіргі жинақтардағыдай жылына, тақырыбына сәйкес белгілі бір ретпен емес, қолжазбадағы бет-парақтардың реті бойынша берілді. Өлеңнің басы, ортасы не соңы қолжазбада кем болса да, толықтырылмай бар қалпында ұсынылды. Абай тілін зерттеуші немесе қолжазбаны салыстырып оқитын оқырманға ыңғайлы болуы үшін, өлеңнің тұпнұсқасы мен оның транскрипциясы қатар келтірілді. Бұл ең алдымен, Абайдың тілі мен мұрасын зерттеушілер үшін қолайлы.
Абай және де басқа ақындар шығармалары талданатын ғылыми еңбектерде ақындардың стильдік ерекшеліктерін дұрыс көрсету үшін орфографиялық ерекшеліктерді мүмкіндігінше сол қалпында берген жөн. Бірақ өлең жинақтары мен зерттеулердің басым көпшілігі Мүрсейіт жазбаларындағы нұсқадан сәл өзгертіліп, қазіргі тіл нормасына сәйкестендіріліп шығарылады.
Бұл еңбек өлеңдердің қолжазбадағы нұсқасындағыдай өзгертілмей берілгенімен ерекшеленеді. Ал өлеңдер араб қаріптерімен әрі сол кезеңдегі жазба тілінің үлгісіне негізделіп жазылғандықтан, онда сол дәуір тілінің элементтері де айқын көрінеді. Мұнда қолжазбадағы қазіргі қазақ тіліне тән емес қазақтың ескі жазба тіліне тән формалар жазылғаны бойынша өзгертілмей берілген. Мысалы: хатұн+ұң, меһрібан+лық, надан+ларға, із+леп, әдеп+лі, месжід+нің, рәсүл+ні, үміт+нің, чыдамас+мыз, т.б. Осыларды ескере келгенде, аталған еңбек Абайдың тілін тікелей қолжазбадан зерттеймін деген мамандарға құнды болары сөзсіз.