Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев соғыс ардагері Әбдіғали Қаймолдинге Президенттің атынан «Халық қаһарманы» атағы мен айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін салтанатты түрде табыс етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде көрсеткен ерлігі, батылдығы, жанқиярлығы, сондай-ақ соғыстан кейін мемлекеттік және қоғамдық қызметке белсенді қатысқаны үшін Әбдіғали Қаймолдинге «Халық қаһарманы» атағын беріп, айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденімен марапаттағанын жазған едік.
Абай облысы әкімдігінің мәліметінше, Халық қаһарманына әскери оркестр құрмет көрсетіп, «Жеңіс күні» әніне сүйемелдеу жасады.
ҚАЙМОЛДИН ӘБДІҒАЛИ –соғыс және еңбек ардагері
1921 жылы 30 маусымда Семей облысы Абыралы ауданы Ұзынбұлақ ауылында дүниеге келген.
1941 жылы әскер қатарына шақырылды. 1941-1945 жылдың 9 мамыры аралығында Сталинград, 1-Украина, 1-Беларусь, 3-Балтық майдандарында шайқасты. 1946 жылдың маусым айында әскер қатарынан босатылған.
Аталған қызметтен кейін партияда және мемлекеттік органдарда жұмыс істеді. Әуелі КОКП Семей облыстық комитетінде, содан кейін Жаңасемей, Новопокровск аудандарының атқару комитетінде еңбек етті. 1977-1982 жылдары «Түрксіб» совхозы партия комитетінің хатшысы болып жұмыс істеді және осы жерден құрметті демалысқа шықты.
Қызыл жұлдыз және І дәрежелі Отан соғысы ордендерімен, «Жауынгерлік еңбегі үшін», «Кенигсбергті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған.