Бүгін — Катарда өтіп жатқан футболдан әлем чемпионатының бесінші күні. Жасыл алаңға Криштиану Роналду, Неймар cияқты жұлдызды ойыншылар шығады, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Алдымен Астана уақытымен 16:00-де Швейцария мен Камерун құрамалары кездеседі. Бұл екі құрама бұрын-соңды бір-бірімен жолықпаған.
Камерун құрамасы 1990 жылы мундиальда ширек финалға жеткен. Одан кейін жолдары болар емес. Осыдан төрт жыл бұрын Ресейге жолдама да алмады. Ал Швейцария құрамасын Катарға Мұрат Якин алып келді. Ол мұндай ірі турнирге бапкер ретінде қатысқалы отыр.
Одан кейін 19:00-де Уругвай мен Оңтүстік Корея жолығады. Бұл екі құрама 2010 жылғы әлем біріншілігінің 1/8 финалында кездескен. Сол матчта Луис Суарес дубль жасап, құрамасын ширек финалға алып шыққан. Сондықтан Оңтүстік Корея Америка құрлығынан келген командадан есе қайтаруға тырысары анық. Оның үстіне, Жапония мен Сауд Арабиясының сенсациясынан кейін мұндай жетістікті кәрістер неге қайталап көрмеске?
Астана уақытымен 22:00-де Кришитану Роналду бастаған Португалия құрамасының ойынын көреміз. Еуропалықтар Африкадан келген Гана футболшыларымен кездеседі. «Алтын доптың» бес дүркін иегері Роналдудың бұл соңғы мундиалы болуы мүмкін. Сол себепті Португалия бұл ойында бар күштерін салары анық. Ал Гана ағайынды Айюларға сенім артады.
Жарыс күні Бразилия мен Сербия арасындағы ойынмен аяқталады. Матч 01:00-де басталады. Бір қызығы, Бразилия, Сербия, Швейцария 2018 жылғы әлем чемпионатында да бір топта болған.
Бразилия алтыншы чемпиондық үшін келгені белгілі. Сербия да қара жаяу емес. Еуропадағы іріктеуде Португалияны артқа тастағанды. Сондықтан футбол жанкүйерлерін қызықты кездесу күтіп тұр.