Астанада бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың ісі бойынша апелляциялық сот отырысы 6 қаңтарға шегерілді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Адвокат Нұрлан Бейсекеевтің сөзінше, экс-министр сырқаттанып қалған көрінеді.
«Кеше Елжан Амантайұлында тергеу изоляторының қабырғасында жүргенде пайда болған ауруы асқына түсті. Мұндай жағдай бірінші рет болып отырған жоқ. Оған бірнеше мәрте шұғыл ота жасау ұсынылған болатын, оның бұл мәселені кейінге қалдырғаны белгілі. (…) Біртанов еңбекке уақытша жарамсыздық парағын жіберген болатын. Мен оны сізге (судьяға – ред.) көрсете аламын. Анықтамада осы жылдың 6 қаңтарын қоса алғандағы кезең деп көрсетілген», — деді адвокат Нұрлан Бейсекеев.
«Тыңдау кейінге қалдырылды, процесс 6 қаңтар күні сағат 15.00-де жалғасады», — деп хабарлады қалалық сот.
Айта кету керек, сот үкімі бойынша Елжан Біртанов 5 жылға, ал бұрынғы денсаулық вице-министрі Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесілген болатын.