Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Ұлттық басылым күнімен құттықтады. Ол өзінің Фейсбук парақшасында былай деп жазды:
«Құрметті достар!
Барша әріптестерімді Ұлттық басылым күнімен құттықтаймын!
Қазақ баспасөзінің тағылымға толы тарихында бұл күннің маңызы бөлек. Себебі дәл осы күні Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді ұлт зиялыларының есімімен ұштасып жатқан «Қазақ» газетінің алғашқы саны жарық көрді. Сондықтан, өткен жылы Үкімет қаулысымен 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілуінің өзіндік символдық мәні бар деп білеміз.
Ұлт мүддесін қорғауда ұлттық-саяси мінберге айналған «Қазақ» газеті болашаққа деген ұлы мұрат жолында барша халықтың басын біріктірді. Ұлттық бірлік пен ынтымақтың ерен үлгісін көрсетіп, қазақ қоғамынның рухани кемелденуіне айрықша ықпал етті.
Мемлекет басшысы «Отандық баспасөз еліміздің тұтастығы мен татулығын нығайту жолында елеулі рөл атқарады» деп атап өткеніндей, баспасөз қашан да ұлттың үні, мемлекеттігіміздің тұғыры іспетті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мерзімді басылымдарға ұдайы қолдау көрсетіп келеді.
1991 жылы елімізде тек 10 республикалық газет пен журнал жарық көріп, 21 теле және радиоарна эфирге шықса, 2024 жылғы қаңтардағы есеп бойынша Қазақстанда 5 804 БАҚ тіркелген, оның 3 985 – і мерзімді баспасөз басылымы, 212-і телеарна, 90-ы радио, 1 222-і ақпараттық агенттіктер және желілік басылымдар.
Газет-журналдарға жазылу ісі де оңтайландырылып, «Қазпошта» және Kaspi Bank қосымшалары арқылы онлайн-жазылу жұмыстары жүйеленді.
Өткен жылы аймақтардағы мерзімді басылымдарының жұмыс деңгейін арттыру мақсатында ұйымдастырылған өңірлік БАҚ форумы биыл да жалғасын табады.
Әлемде болып жатқан жаңа трендтерге қарамастан, мерзімді басылымдардың жөні бөлек, маңызы ерекше. Сол себепті, ұлттық медианы дамыту, бәсекеге қабілетті бұқаралық ақпарат құралдарын қалыптастыру, журналистердің мәртебесін арттыру – негізгі мақсаттарымыздың бірі. Алдағы уақытта осы бағытта бәріміз бірлесе жұмыс істей береміз деп ойлаймын.
Сондықтан осы салаға қатысы бар барша қызметкерлерді Ұлттық баспасөз күнімен тағы да құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілеймін!».