Четверг, 28 ноября, 2024

«Әкім, депутат, директор». Спортты тастап, мемлекеттік қызметке кеткендер

27 шілдеде Олимпиада жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев Кеген ауданының әкімі болып тағайындалған еді. Теңізбаев мемлекеттік қызметте жүрген жалғыз спортшы емес. Massaget.kz тілшісі мемқызметке кеткен спортшыларға шолу жасады.

Алматы облысы Кеген ауданының әкімі болған Нұрбақыт Теңізбаев 1983 жылы туған. «Дене шынықтыру және спорт», «Кеден ісі», «Дене шынықтыру мәдениетінің оқытушысы, күрес жаттықтырушысы», «Көлікті пайдалану және тасымалдауды, қозғалысты ұйымдастыру» мамандықтары бойынша жоғары оқу орындарында білім алған, 2014 жылы «Педагогика» бойынша магистр дәрежесін алған.

Еңбек жолын 2001 жылы Қазақстан Республикасының грек-рим күрес федерациясының спорт-нұсқаушысы болып бастаған.

Әр жылдарда Астанадағы ұлттық штаттық командалар және спорт резерві дирекциясының грек-рим күресінен спорт-нұсқаушы, Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарында, Алматының дене шынықтыру және спорт басқармасының № 12 олимпиадалық резервтегі мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің әдіскері, директордың оқыту-спорт жұмыстары бойынша орынбасары, Алматы облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, сонымен қатар Панфилов ауданының маслихат депутаты қызметтерін атқарған.

Ол 2018 жылғы қазан айынан Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысы лауазымын атқарып келді.

Әділбек Ниязымбетов 2021 жылы наурызда Шоқыр Бөлтекұлы атындағы Маңғыстау облыстық жоғары спорт жетістіктері мектебі директоры қызметіне тағайындалған болатын. Бұған дейін ол сол мектепте директордың орынбасары болған. 

Ниязымбетов 1989 жылы 19 мамырда Өзбекстанның Нүкіс қаласында туған. Кішкентай кезінде Ақтауға көшіп барған.

Әділбек бокстағы карьерасымен елге танымал. 2011 және 2013 жылдары әлем чемпионатында күміс медаль таққан. 2012 және 2016 жылдары өткен Олимпиада ойындарында да финалда сүрініп, елге «күміспен» оралған. Карьерасында Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чемпионы секілді жетістіктер бар. Ол карьерасын 2018 жылы аяқтады. 2019 жылдан бері Нұр-Сұлтандағы Олимпиада орталығында қызмет етті. 

2021 жылдың басында боксшы Мұхтархан Ділдәбеков басшы атанды. Ол «Шымкент қаласының №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің» директоры болып тағайындалды. Мемлекеттік сатып алулар сайтындағы деректер бойынша, Ділдәбеков әлі осы қызметте. Бұған дейін Ділдәбеков «Көкпар» федерациясының президенті болған. 

Айта кетейік, боксшы Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, аса ауыр салмақта Олимпиада ойындарының және әуесқой бокстан әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 

Серік Сәпиев Серік Сәпиевтің де жоғары лауазымдарда жүргеніне бірнеше жыл болды. Боксшы 1983 жылы қарашада Қарағанды облысы Абай қаласында туған. Бокстағы карьерасында жетістігі мол. 2012 жылы Лондон Олимпиадасында топ жарған. Екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы атағы бар. 2010 жылы Азия ойындарының жеңімпазы атанған.

Биыл сәуірде Серік Сәпиев Қазақстан спортшылары одағының президиумының төрағасы болды. Бұған дейін ол Спорт және дене шынықтыру комитетінің басшысы болған. 

Джиу-джитсудан Қазақстан чемпионы, аралас жекпе-жектен үш мәрте әлем чемпионы және әлем кубогының иегері, Еуразияның екі мәрте чемпионы, ережесіз жекпе-жектен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері Ардақ Назаров бүгінде Мәжіліс депутаты. VIII сайланған Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі. 

Грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы кеңес одағының палуаны Дәулет Тұрлыханов бүгінде Ардақ Назаровтың «әріптесі». Ол екі мәрте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланды. 
Бұған дейін де бірнеше қызмет атқарған: туризм және спорт агенттігінің төрағасы болған, мәдениет, ақпарат және спорт министерлігінің Спорт комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сонымен қатар, «Грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті» болған. 

Боксшы, халықаралық спорт шебері, Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ибраимов 2020 жылдан қазіргі күнге дейін «Алматы» олимпиадалық даярлау орталығы» РМКК директорының орынбасары. 2021 жылдан бастап Дүниежүзілік Халықаралық бокс қауымдастығының мүшесі (AIBA) және Азия чемпионаты мен әлем чемпионатына қазылар алқасы ретінде қатысады.

«AMANAT» партиясының мүшесі. 2021 жылдан VII сайланым Алматы қаласы мәслихатының депутаты.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған