Бүгін Премьер-Министрдің төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында электр энергетикасы саласын одан әрі дамыту мәселелері қаралды. әкімдіктердің өңірлік электр желілерін дамыту жұмыстарынан шеттеп қалғанын атап көрсетті.
«Өңірлік электр желілік компаниялары өздерінің инвестициялық бағдарламаларының жасалуы мен орындалуын бақылап отырған жоқ. Бұған желтоқсан айында еліміздің солтүстік өңірлерінде электр қуатының жаппай өшіп қалуы дәлел. Жергілікті атқарушы органдар өңірлік электр желілік компаниялардың қызметін үйлестіруді қамтамасыз етуі тиіс», — деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы бұрын басталған ірі жобаларды іске асыру созылып кеткеніне де тоқталды. Солардың бірі – Екібастұз ГРЭС-2-нің 3-ші энергия блогын салу жұмыстары. Осыған орай бір ай мерзімде құрылыс жұмыстарын бастау жөнінде тапсырма берді.
Батыс энергетика аймағын Бірыңғай ұлттық жүйеге қосу мәселесі шешімін таппай отыр. Бұл бағытта «KEGOС» компаниясына биыл «Ақтөбе – Атырау» электр беру желісін салу жұмыстарын бастау тапсырылды.
Энергетикалық жүйенің дисбалансы ірі өнеркәсіп кәсіпорындары үшін электр энергиясының тапшылығы мен тоқтауына әкеп соқтырады. Болжамға сәйкес, энергия тұтыну көлемі тұрақты түрде өсе бермек. Сондықтан қазіргі кезде батыстағы аймақтарда газ қуатын тарту жұмыстары жүргізілуде.
«Солтүстік және Оңтүстік аймақтарда генерациялау көлемін ұлғайтуға басымдық берілді. Атап айтқанда, биыл Екібастұз ГРЭС-1-де 1-ші энергия блогын қалпына келтіру жобасын аяқтау жоспарланып отыр. Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңадан Жылу электр орталықтарын салу мәселесі пысықталуда. Оңтүстік өңірлерде газ генерациялау жобалары іске асырылуда», — деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің 15 пайыз үлесіне қол жеткізу мақсатында Total Energies, Acwa Power және Masdar сияқты стратегиялық инвесторлармен ірі жобалар іске асырылады.
«Жалпы 2035 жылға дейін Қазақстанның бірыңғай электр энергетикалық жүйесіне шамамен 26 ГВт базалық және маневрлік генерацияны іске қосу жоспарланып отыр. Қабылданып жатқан шаралар электр энергиясының тапшылығын жоюға және 2030 жылға қарай оның резервін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы 2020 жылы Гидроэнергетиканы дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданғанын айтты. Алайда өткен жылдары экологиялық күн тәртібі өзгерді, су ресурстарының тапшылығы арта түсуде. Осыған байланысты Премьер-Министр наурыз айының соңына дейін 2030 жылға дейінгі жаңа жоспарды қабылдауды тапсырды.
«Бүгінде энергетика министрлігі жаңа газ генерациялау объектілерін салу орындарын айқындады. Олар – Қызылорда, Шымкент,
Тараз, Ақтау, Атырау және Ақтөбе қалалары. Осы жобаларды іске асыру үшін ақпан айының соңына дейін қажетті рәсімдерді бастау қажет», — деді Премьер-Министр.
ARDA-Aqparat