Алакөлде су мотоциклінің астына түскен ер адамның аяғы жұлынып кетті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оқиға кеше Ақши ауылының маңында болған.Әлеуметтік желіде зардап шеккен демалушының видеосы пайда болды. Ол суға бара жатқанда құтқармақ болған өзге турист су көлігімен қағып кеткен. Аяғы тізеден жоғары жұлынған.
Полиция ҚР Қылмыстық Кодексінің 344-бабы «теңіз немесе өзен көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.
«Аталған факті бойынша Алакөл ауданының полиция қызметкерлері іс жүргізуде. Қылмыстық іс ерекше бақылауға алынды»,-деп хабарлады Жетісу облысы ПД баспасөз қызметі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 30 шілдеде азаматтың Алакөл аудандық ауруханасына түскенін және шұғыл операция жасалғанын хабарлады.
«39 жастағы науқасқа с/3 жамбастың травматикалық ампутациясы жасалды. Сол жақ жамбас сүйегінің, тізе буынының ашық сынуы диагнозы қойылды. 3-4 дәрежелі травматикалық шок, ауыр геморрагиялық шок алған.», — деп қосты ведомство.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 39 жастағы ер адамның жағдайы ауыр, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.