Бұланды аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері облыс тұрғынын 9 млн теңгеден астам сомаға алдаған алаяқтарды іздестіріп жатыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алаяқтар 46 жастағы ақмолалыққа қоңырау шалып, өзін Kaspi банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстыра отырып, әйелді осы сәтте оның атынан операцияларды жүргізуге тырысып жатқан алаяқтардың «алдын алу» үшін өз атына несиелер рәсімдеу қажет екеніне сендірген.
Осылайша, қылмыскерлер психотехнология әдістерін қолдана отырып, жәбірленушіні өте қысқа мерзімде бірқатар ойластырылмаған шешімдер қабылдауға мәжбүр етіп, оның атына әртүрлі банктерде: «Eurasian Bank» АҚ, «Forte Bank» АҚ, «Home Credit Bank» АҚ 5 несие рәсімдеген. Залал сомасы 9 млн 101 мың 631 теңгені құрады.
Барлық алынған қаражатты жәбірленуші алаяқтардың жеке шотына аударған.
Полиция бөлімі қызметкерлерінің мәліметінше, олар бір күн бұрын жәбірленушінің жұмыс орны бойынша, несие алаяқтығының алдын алу бойынша дәрістер оқыған және жәбірленушінің мойындауы бойынша ол алаяқтықтың жанданған осы түрі туралы хабардар болған.
Сонымен бірге, жәбірленуші тіпті үйдегілер одан күмәнді адамдармен сөйлесуден бас тартуын сұрағанын айтты, дегенмен өтініш беруші алаяқтардың қылмыстық айла-шарғысына түсіп қалған.
Аталған дерекке қатысты полиция бөлімі ҚР ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады.