Среда, 27 ноября, 2024

Әлемге танылу үшін шешініп тастаудың қажеті жоқ — Тоқтар Серіков

Қазақ эстрадасының жарық жұлдыздарының бірі Тоқтар Серіков «Хабар» арнасындағы «Оян» бағдараламасында қонақ болып, қазіргі әншілерге қатысты ескертулерін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Әнші қазіргі жас жұлдыздардың халық әндерін өзгертіп айтуына қарсы шықты.

«Қазіргі жастарға ешқандай өкпем жоқ. Бірақ өнерде жүрген кейбір бауырларымыз қазақтың халық әндерін бұзбаса, қадірін кетірмесе дегім келеді. Бабалардан қалған бір аманат — қазақтың халық ән-күйлері мен жыр-дастандары. Осыған тимей-ақ қойсақ… Ілия Жақанов ағамыз бар, бүкіл қазақ біледі оны. Сол кісіге бір әнші келіп: «Аға, мен осындай ән дайындап жатырмын, айтсам бола ма?», — депті. Сөйтсе, ол Естайдың «Қорланын» аударып-төңкеріп, құйқылжытып орындап беріпті. Сонда Ілия Жақанов ағамыз: «Бұдан кейін «Қорланды» бұлай қорламай-ақ қойшы. Егер бұрмалап, қорлаймын десең, менің әндерім бар, жетеді ғой», — депті. Қазақ өнеріне ғашықтық осында жатыр. Кейде қазақтың халық әндерінен мақамынан бөлек бірдеңе жасап жатады. Ғасырлар бойы аман-есен жеткен дүниені ендігі ұрпаққа жеткізу — біздің міндетіміз», — деді әнші.

Сондай-ақ аға буын әнші әлемге танылу үшін шешініп тастаудың қажеті жоқтығын айтты.

«Көпке топырақ шашпай-ақ қояйын… Басында Еуропаға көп кетіп қалған қарындастарымыз бар еді, қазір басым бөлігі етек-жеңін жинап, жақсы болып қалды. Дей тұрғанмен, әлі де бар, соны қойдыру керек. Қазір әлем тану үшін әлем-жәлемнің, шешініп тастаудың қажеті жоқ. Димаш балам бүкіл әлемді қазақтың әнімен аузына қаратты ғой?!», — деді Тоқтар Серіков.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған