Әнші Әли Оқапов өзінің анасы, Қазақстанның Халық әртісі Роза Қуанышқызы жайлы кино түсіру туралы ой қайдан келгенін, бұл істі қолға алуының себебін түсіндірді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
“Бұл 2020 жылы пандемия кезінде басталған жоба. Барлығымыз үйде отырғаннан кейін іш пысады, сөйтіп Мәди екеуіміз күн сайын анамызға ең үздік киноларды көрсеттік. Өздеріңіз білетіндей, үлкен кісілер көбіне киноға бармайды. Соның орнын толтыру үшін таңдаулыларын көрсеттік. Оның ішінде спортшылардың, ғарышкерлердің, өнер адамдарының өмірі туралы биографиялық фильмдер де болды. Содан “Неге өзіміздің тұлғаларымыз жайлы кино түсірмеске?” деген ой келді. Алдағы уақытта хан, батырлаырымз туралы кинолар шығады, олар бізге керек. Біз заманауи қаһармандарымыздан бастадық. Ол үйіміздегі – анамыз. Кинода заманауи тарих, Тәуелсіздік алған кезіміз пен Кеңестік кезең көрініс табады. Анамның жүріп өткен жолының өзі – кино. Сол кезден-ақ кино түсіруге дайындықты бастап кеттік. Сценарийін жаздық, анаммен, оның сол кездері бірген жүрген әріптестерімен ақылдасып, кездесіп, рұқсатын алдым. Олардың айтқан әңгімелерін сценарийге сыйғызып, “Ұлттық кино қолдау қорына” ұсындық. Бұл мекеме Мәдениет министрлігіне бағынады”, – дейді Әли Оқапов.
Әншінің айтуынша, жобаны жарыққа шығару барысында сәтсіздіктің де болғанын жасырмады.
“Біз жобаны “Ұлттық кино қолдау қорына” ұсындық, бірақ өкінішке орай, екі жыл қатарынан іріктеуден өтпедік. Оған не себеп болғанын білмеймін. Естеріңізде болса, өткен жылы “Дос-Мұқасан” жайлы кино шығып, жалпақ тілмен айтқанда “жарды. Фильм аталмыш қордағы кинолардың арасында касса бойынша да, рейтинг бойынша да бірінші орында тұр. Өте сәтті жоба болды. Сол киноны түсіріп, сценарийін жазған менің жақын достарым. Сөйтіп оларға хабарласып: “Анам жайлы фильмім іріктеуден өтпей жатқанына екі жыл болды. Бәлкім, сендермен біріксек, өтетін шығар” деп ұсыныс тастадым. Олар да бірден келісе қойған жоқ, себебі үлкен жауапкершілікті сезінді.
“Біз расымен Дос-Мұқасанды” түсірдік, бірақ Роза Қуанышқызы туралы бөлек кино болмақ. Оның қиыншылықтары да бар. Өйткені Дос-Мұқасанның тарихы кинода алғашқы бес жыл болса, ал Роза Қуанышқызы жайлы фильмнің сценарийінде отыз қамтылмақ”, – деп кібіртіктеді. Бір кино үшін отыз жыл ауқымды болды. Бірақ Әли олармен сөйлесіп, дегеніне көндірген.
“Мен де қорқамын. Өйткені ертең кино сәтсіз шықса, кінәлі мен боламын. Себебі, бұл еменің идеям, мен бастадым және жауапкершіліктің жүгі менде болады. Бірақ мотивация жағынан біздің деңгейіміз жоғары. Себебі бұл – біздің отбасымыздың тарихы. Өткен аптада Ұлттық кино қолдау қорына” біз үшінші рет құжаттарымызды тапсырдық”, – дейдң Әли Оқапов.
Бағдарлама жүргізушісінің: “Неге коммерциялық фильм ретінде түсірмедің?” деген сауалына әнші: “Коммерциялық фильм өзін-өзі ақтауы керек. Шығынды ақтау үшін ол арзанға түсірілуі қажет. Біздің нарықтың ережесі сондай. Ал арзан жанрлардың бірі ол – комедия. Біз Роза Рымбаева жайлы комедия түсіре алмаймыз. Бұл биографиялық, тарихи кино болған соң 70, 80, 90-шы жылдарды көрсету үшін грим, көлік, киім, графика, заманауи Алматыны ескірту керек, шетелдік сапарлардан Куба, Болгария, Мәскеу қалалары бар. Мұның бәрін арзанға түсіру мүмкін емес, одан да түсірмеген абзал. Әрине, инвесторлар бар, бірақ біз оларға ешқандай кепілдік бере алмаймыз. Себебі менің басты мақсатым ақша табу емес. Тіпіт өзін ақтамаса да фильмдегі ойды жеткізу мен үшін маңызды”, – деп жауап берді.