Бір ай ішінде инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін жаңарту қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
«Президент Жарлығымен бекітілген Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының іс-шараларын министрліктердің салалық тұжырымдамалары мен даму жоспарларына қосу керек. Біз оларды келесі жылдың басында бекітеміз», — деді Үкімет басшысы.
Әлихан Смайылов Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әкімшілік реформа аясында мемлекеттік басқару деңгейлері арасында функцияларды қайта бөлу арқылы заңнамалық актілерді жүйелі тексеруді аяқтауы тиістігін баса айтты.
«Тиісті заң жобасын әзірлеп, оны 2023 жылдың 1 наурызына дейін Мәжіліске енгізу керек. Қазіргі сын-қатерлерді ескере отырып, бір ай ішінде Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі іс-шаралар кешенін жаңарту қажет. Сонымен қатар, бір ай ішінде Халықтың табысын арттыру бағдарламасын өзектендіру керек. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында сыйақы ставкаларын субсидиялау мерзімін 7 жылға дейін ұзартуды қарастыру қажет», — деді ол.
Оның атап өтуінше, Ұлттық экономика министрлігі Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, тұтынушылық кредит беру көлемін қысқарту іс-шараларын әзірлеуі тиіс.
«Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, 2023 жылғы 1 ақпанға дейін Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Премьер-Министр Кеңсесіне енгізсін. Сондай-ақ, әкімдіктердің құрылымдары бойынша, оның ішінде әкімдер орынбасарларының саны бойынша қазіргі штаттық лимит шегінде әкімдермен келісілген позицияны енгізу керек», — деді Әлихан Смайылов.