2022 жылы елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«2022 жылдың қорытындысы бойынша ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап қалды. Былтыр экономиканың нақты өсімі 3,1 пайызды құрады. Нақты сектор, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі, құрылыс және ауыл шаруашылығы салаларындағы оң көрсеткіштер тұрақты өсудің негізгі факторы болды. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3,4 пайызға өсті. Машина жасау саласы — 9,4, оның ішінде автомобиль жасау — 19,1, электр жабдықтарының өндірісі — 22,2, сусындар өндірісі — 11,2, химия өнеркәсібі — 10,2, жеңіл өнеркәсіп — 6, азық-түлік өндірісі — 3,9, мұнай өңдеу 1,9 пайыз өсім көрсетті», — деді Үкімет басшысы.
Оның дерегінше, ауыл шаруашылығында өсу қарқыны жоғары 9 пайыздан асты. Құрылыс саласы да жоғары өсім көрсетіп, 9,4 пайыз деңгейінде өсім қалыптасты.
«2022 жылы елімізде 15,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету секторы 2,5 пайызға өсті. Сауда — 5, көлік — 4, байланыс 8 пайызға өскен», — деді ол.
Премьер-Министр ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы екенін баса айтты.
«Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,8 пайыз нақты өсім көрсетті. Бұл ретте, өндірістің шикізаттық емес секторына инвестиция тарту белсенді жүрді. Инвестициялардың өсу көрсеткіштері құрылыста, денсаулық сақтау, білім беру, сауда, жылжымайтын мүлікпен операцияларда, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіпте, көлік және қоймалау салаларында жоғары болды. Барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жетісу, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында өсім байқалды. Ал, ең төмен көрсеткіш Ұлытау, Маңғыстау, Атырау және Абай облыстарында тіркеліп отыр», — деді Әлихан Смайылов.