Вторник, 26 ноября, 2024

Әлихан Смайылов биыл болатын экономикалық өзгерістерді атады

Премьер-Министр Әлихан Смайылов «Биыл Қазақстан экономикасын не күтіп тұр?» деген сауалға жауап берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«Жалпы, геосаяси жағдай күрделі болып қала бермек. Біз экономикалық белгісіздік жағдайында өмір сүруді жалғастырамыз. Энергия нарығында құбылмалылық, азық-түлік бағасының өсуі болғандықтан, ірі экономика бойынша рецессия қаупі бар. Мұндай жағдайға дайынбыз. Түрлі сценарийлерді іске асыру кезінде біз экономикалық саясатқа түзету енгіземіз. Қажет болған жағдайда республикалық бюджеттің параметрлерін қайта қараймыз», — деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып.

Үкімет басшысының айтуынша, биыл жыл қорытындысы бойынша экономиканың өсуі кемінде 4%-ды құрайды деген жоспар бар.

«Инфляцияны 9,5%-дан аспайтын деңгейге төмендету жолында жұмыс істейміз. Осындай мақсат қойып отырмыз, ол үшін Ұлттық банкпен бірлесіп жұмыс істейміз. Өнеркәсіпте, өңдеу секторында 1,1 трлн теңгеге 150-ге жуық жобаны іске асыруға ниеттіміз. Сол сияқты ауыл шаруашылығында 540 млрд теңгеге 265 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 400 мыңнан астам жаңа тұрақты жұмыс орны құрылып, биыл миллионға жуық адам жұмысқа орналастырылады. Тікелей шетелдік инвестициялар ағынын кем дегенде 24,4 миллиард долларға жеткізуді көздейміз. Осылайша, экономикамыздың үдемелі әрі орнықты дамуын күтеміз», — дейді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ, Премьер-Министр Украинадағы геосаяси жағдайдың ел экономикасына қалай әсер етіп жатқаны туралы айтты.

«Біріншіден, Ресей мен Украина – әлемдік астық, азық-түлік және тыңайтқыштар нарығындағы ірі жеткізуші елдер. Қазіргі жағдай әлемнің барлық еліндегі азық-түлік әл-ауқатына әсер етіп жатыр. Бұл – инфляциялық процестер. Осы орайда, азық-түлік, минералды тыңайтқыштар мен энергия бағасының өсуіне байланысты әлемдік рецессия қаупі бар. Біз Еуропадан және Еуропаға жүк жеткізу бойынша логистикалық проблемалардың барын көріп отырмыз», — деп түсіндірді Ә. Смайылов.

Оның мәлімдеуінше, Қазақстан барлық елдермен сауда және өзара іс-қимылды одан әрі жалғастырады.

«Өткен жылдың қорытындысы бойынша сыртқы сауда айналымы 33%-ға өсті. Оның ішінде экспорт 42%-ға, импорт 20%-ға артты. Үшінші елдермен тауар айналымы 45%-ға ұлғайды. Өзара сауданы ұлғайту жолында әріптес елдермен экономикалық ынтымақтастық жөніндегі жұмысты жалғастырамыз», — дейді Премьер-Министр.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған