Үкімет басшысы Әлихан Смайылов Түркістан облысына жұмыс сапарымен барды.
Премьер-Министрдің баспасөз қызметі жазғандай, Әлихан Смайылов ең алдымен жаңа өнеркәсіптік парк және заманауи көпбейінді аурухана құрылысымен танысты.
Ауданы 66 мың шаршы метрден асатын «Түркістан» ӘКК» АҚ өнеркәсіптік паркін жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Сапар барысында Премьер-Министрге өңірдегі ірі инвестициялық жобалардың, оның ішінде химия кешені, бу-газ қондырғысы, мұнай өңдеу зауыты, газ электр стансасы, күкірт қышқылын өндіру зауыты, өнеркәсіптік жылыжай, мал бордақылау алаңы және басқа да нысандардың іске асырылуы туралы баяндалды.
Әлихан Смайылов соңғы жылдары елімізде жиһаз өнеркәсібі белсенді дамып келе жатқанын атап өтті.
«Отандық жиһаз өндірушілер өткен жылдан бері мемлекеттік сатып алуға қатысу кезінде басым құқыққа ие, сондықтан осындай кәсіпорындарды дамытудың маңызы зор. Түркістан облысының әкімдігі инвесторларды тарту мәселелері бойынша белсенді жұмыс істеп, өндірушілерге барлық қолайлы жағдай жасауы қажет», — деді Әлихан Смайылов.
Бұдан әрі Премьер-Министр 570 төсек-орындық заманауи көпбейінді облыстық аурухана құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта жұмыстың шамамен 50%-ы аяқталды.
Нысанды пайдалануға беру уақыты 2024 жылғы желтоқсанға жоспарланған.
Әлихан Смайылов Түркістан облысында 2 млн-нан астам адам тұратынын, сондықтан жаңа әлеуметтік нысандарды іске қосу маңызды екенін атап өтті.
«Бұл — өте маңызды жоба. Өңірде сырқаттар саны көбейіп отыр, мұндағы ауруханалар тапшылығын көріп отырмыз. Сондықтан жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде кешіктірмей іске қосу маңызды. Техникалық мәселелерге келсек, мұны Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп пысықтап, жыл соңына дейін келісімді бекіту керек», — деді Премьер-Министр.
ARDA-Aqparat