Среда, 27 ноября, 2024

Әлихан Смайылов қай салаларда өндіріс артқанын айтты

Мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуі тиіс. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

«7 айдың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнім 4,8 пайызға артты. Экономиканың өсіміне нақты сектор айтарлықтай үлес қосты.

Мәселен, өңдеуші өнеркәсіпте өсім – 3, азық-түлік өндірісінде – 4,5, сусындар өндірісінде 6,4 құрады. Жеңіл өнеркәсіп саласы 21 пайызға өсім көрсетті. Ол тоқыма бұйымдары өндірісіндегі 37 пайыздан астам өсім есебінен қамтамасыз етілді.

Пластмасса және дайын металл бұйымдарының өндірісі – 8, химия өнеркәсібі 4,1 пайызға артты.

Машина жасау саласы 29 пайызға ұлғайды. Оған автомобиль жасауда – 43, электр жабдығы өндірісінде – шамамен 34,5, локомотивтер мен вагондар жасауда 30 пайыз өсім есебінен қол жеткізілді.

Жиһаз өндірісі 15 пайызға артты», — деді Үкімет басшысы.

Оның дерегінше, құрылыс саласы 12 пайыз тұрақты өсім көрсетті. 8,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Қызмет көрсету саласында сауда шамамен – 10, байланыс – 8 және көлік саласы 7 пайызға жоғарылады. Тау-кен өндіруді есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялар 14,4 пайызға артты.

«7 айдың қорытындысы бойынша Абай, Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша өсім бар. Ал Атырау, Алматы және Ұлытау облыстарының көрсеткіштері төмен. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қол жеткізу бойынша жұмыстарды күшейтуі тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған