Алматы облысында жалпы сомасы 15,1 млн теңгені құрайтын 20 бас жылқыны барымталағандар қамауға алынды, – деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
17 сәуірде Кеген ауданының полиция бөліміне Сарыкөл ауылының 59 жастағы тұрғыны Қарқара кентінің маңындағы жайылымнан құны 15,1 млн теңге болатын 20 бас жылқысының ұрланғаны жайында арызданған болатын.
Дерек ҚР ҚК-нің 188-1-бабы 4-бөлігі 2-тармағының (Мал ұрлау) белгілері бойынша аудандық полицияның СДТБТ-да тіркелді.
Аталған дерек бойынша жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу кезінде Алматы облысы ПД КПБ қызметкерлері Кеген ауданы КПБ қызметкерлерімен бірлесіп, 18 мамыр күні 28, 27 және 26 жастағы үш күдіктіні ұстады.
Қазіргі уақытта тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азаматтардың басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр. Ұрланған мал Түркістан облысының Қарабұлақ ауылынан табылып, тәркіленді. Ұсталғандарға қатысты қамауда ұстау бұлтартпау шарасы таңдалды.