Алматы облысына қарасты Ұзынағаш ауылында 50 шақты үйдің ауласын су басты. Тасқын су тіпті кей баспаналардың ішіне де кірген, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Толассыз жауған жаңңбыр мен еріген қар суы ондаған көшені де шайып кетті.
Амалдың жоқтығынан тұрғындар қолдан жасалған соқпақпен жүріп-тұруға мәжбүр. Қызыл су, тіпті, үйлерге кірген. Салдарынан біршама отбасы баспаналарын тастап кеткен.
Жағдайды қалыпқа келтіруге аудандық ТЖБ мамандары мен әскерилерді қоса алғанда 30 адам және 8 техника жұмылдырылған. Бірақ, бұл 30 мыңнан астам халқы бар Ұзынағашты қызыл судан арылтуға жеткіліксіз. «Сондықтан баспаналары мен аулаларын су шайған тұрғындар тағы бірнеше күн күтуі керек», — деді аудан әкімінің орынбасары.
Өйткені, техника таудан келетін судың арнасын бұрумен әлек.
Ұзынағаш ауылында ағынды суларға арналған 30-дан астам арық бар. Бірақ, оның басым бөлігі тазартылмаған. Қазір 5 насоспен ауылдағы суды сорғызу жұмыстары жүріп жатыр. Тұрғындарға келген шығын әлі есептелмеген, ал зардап шеккендердің мүлкі өтеле, өтелмей ме ол жағы да әзірге белгісіз.