Алматыда коттедж қалашығы заңсыз салынып жатыр. Құрылыс компаниялары құраған өзен арнасын қоқыспен, топырақпен толтырып отырған. Енді бұрынғы өзен арнасының орнына заңсыз, рұқсатсыз қымбат коттедж салуды бастап кеткен, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Аталған жағдайға қатысты қала тұрғындары Ерболат Досаевқа шағымданды.
«Біз Бостандық ауданында «Алатау-2» бау-бақша серіктестігінде тұрамыз. Менде бұрынғы сайдың орнында «Baganashil Hills» коттедж қалашығын салу туралы сұрағым бар. 15 жыл бұрын бұл жыра толтырылды. Енді олар коттедж қалашығын салуды жоспарлап отыр. Барлығы 74 коттедж. Құрылыстың салдарынан кейбір көршімізде үйлерінің қабырғасы жарылып жатыр. Бірнеше жылдан кейін бұл барлығына қиындық туғызуы мүмкін», — деді қала әкіміне сұрақ қойған тұрғындар.
Тұрғындар қымбат коттедж салынып жатқан жер өзеннің арнасы болғандықтан, кейін өзен қайта ағуы мүмкін екенін айтып отыр.
«Бүгінгі күні біз құрылысты бұзу үшін сотқа жүгіндік. Онда 10-ға жуық нысанның ЖТҚ, екі қабатты үйлердің құрылысы заңсыз басталды. Құрылысқа тыйым салу бойынша талап-арыз дайындалып жатыр», — деді Алматы қаласының қала құрылысын бақылау басқармасының басшысы Бақытжан Наурызбеков.
Айта кетерлігі, сатылымға шығарылған коттедждің бағалары 165 млн теңгеден басталады.