Әлеуметтік желіде «Көк Төбе» демалыс орнына жеке көлікпен шығу құны 7 мың теңге болғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Аталған жағдайға қала тұрғындары мен қонақтары наразылық білдіріп, бағаның қымбат екенін айтып шағымданды. Адамдардың айтуынша, қаражаттың қайда кетіп жатқаны белгісіз және отбасылы адамдар үшін көлікпен кіруге жағдай қарастырылуы керек.
Қалада тұрсақ та, демалыс орындарына сирек барамыз. Осы аптада бала шағамызбен «Көк Төбеге» келдік. Ең үлкені 7 жаста, кішісі 1 жаста болғандықтан, көлікпен шығуды жөн көрдік. Егер көлікпен өткілеріңіз келсе, 7 мың теңге төлеңіздер деді. Шынымызды айтсақ, аң-таң болдық. Бұл баға тым қымбат болғасын, газельмен көтерілдік. Қалтамызға біраз ауырлық түсірді. Мұндай баға біздің қаламызға тым қымбат емес пе?! Күн сайын демалыс орнына 100-ден астам көлік кіреді. Күніне 7 млн теңге табыс табады делік. Табиғатты қорғау мақсатында осындай шара қабылдаса, мүлдем көлікпен жүруді шектеу қажет қой, – дейді Салтанат Солтанқұлова есімді қала тұрғыны.
Аталған жағдайға «Көк Төбе» әкімшілігі жауап берді. Олардың айтуынша, бағаның өсуіне саябақтағы автотұрақтар санының аз болуы себеп болған.
Саябақтың аумағында автотұрақ орындарының аздығынан көлікпен кіру бағасы көтерілді. 1 мамырдан бастап тұраққа (жоғарғы вокзал) кіру бағасы 5 мың теңгеден 7 мың теңгеге көтерілді. Жалпы саябаққа кіру тегін. Сол үшін тұрғындар мен қонақтар саябақтың жұмыс уақытында жаяу да көтеріле алады. Ал жеке көлікпен келгендерді кіру құнын төлегеннен кейін жоғарғы тұрақ аймағында болуға шектемейміз, – дейді «Көк Төбе» әкімшілігі.
Экобелсенділер демалыс саябағына көлікпен көтерілу қоршаған ортаға әсер етіп, ауаның ластануына, адам денсаулығына қауіп төндіретіні жайлы айтты.
Бүгінде Алматы қаласында 600 мыңнан астам көлік тіркелсе, 300 мыңнан астам көлік қала аумағында кіріп-шығып жүреді. Көліктер табиғатқа орасан зор қауіп төндіреді. Олар атмосфера құрамындағы зиянды заттардың 65 пайызын таратады. Енді ойлаңызшы, егер демалыс саябағына да көліктерді бет алды кіргізе берсе, ол жақ та ластанады. Адамдар салауатты өмір салтын сақтап, жаяу жүруге, велосипедпен шығуға тырысу керек. Мен көліктердің саябақ аумағына кіруіне қарсымын. Себебі саябаққа келген адамдар жаяу жүріп, табиғаттан ләззат алуы керек. Егер саябаққа келіп, көлікпен ауаны ластасаңыз, табиғатқа қиянат келтірумен пара-пар болғаныңыз, – дейді Экология департаменті жанындағы жастардың экологиялық бастамалары кеңесінің төрағасы Әділ Нурпейсов.
Айта кетейік, «Көк Төбе» демалыс орнына кірудің 4 жолы бар. Мәселен №99, №95 автобустарымен соңғы аялдамаға дейін барып, ары қарай жаяу жетуге мүмкіндік бар. Екінші жолы Абай алаңы жанынан аспалы жолмен көтерілу. Сондай-ақ жеке көлікпен және саябақ әкімшілігі ұсынған газель арқылы көтерілуге болады.