Егде жастағы әжеге күрделі отаны Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері жасады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Емдеу мекемесінің баспасөз қызметінің мәліметінше, алматылық Сайкүл Кейдарова 105 жаста.
Ел тарихында тұтас бір дәуірді көрген қарт әже жамбас сүйегінің жоғарғы бөлігін сындырып, №7 ауруханаға шұғыл жеткізілді.
Дәрігерлердің айтуынша, хирургиялық операциясыз науқас бұл ауырсынуды көтере алмауы мүмкін еді.
«1918 жылы туған пациентті жан-жақты тексергеннен кейін орнынан жылжыған жамбас сүйегінің жарықшақтанған сынығына ота жасалды. Заманауи хирургия көмегімен жабық репозиция, жамбас сүйектің проксимальды бөлігін сүйек сынығын бекіту, гамма өзегі секілді процедуралар орындалды. Пациент операциядан кейін екінші күні-ақ тірек арбаға сүйеніп аяғына тұрды»,- дейді политравма бөлімшесінің меңгерушісі Рамазан Аскеров.
Реанимация бөлімінің меңгерушісі Есенай Еспенбетов пациенттің өмірі үшін үлкен жауапкершілікті сезінгенін жеткізді.
«Жас ерекшелігіне байланысты ағзасы анестезияны қалай қабылдайтынын уайымдадық. Өз тарапымыздан әженің өз аяғымен үйіне оралуына барлық мүмкіндікті жасадық. Айта кету керек, жабық жамбас сынықтары — тірек-қимыл аппаратының ең ауыр жарақатының бірі. Олар көбіне қатты ауырсыну синдромымен, көп қан жоғалтумен бірге жүреді және шұғыл ауруханаға жатқызуды қажет етеді. Жамбастың шамадан тыс сынуы бар егде жастағы адамдарға уақтылы медициналық көмек көрсетілмесе, соңы қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін»,- дейді дәрігер.
№ 7 қалалық клиникалық ауруханасының баспасөз қызметі атап өткендей, Сайкүл әже отаны жақсы көтерді, операциядан кейін жақсы көңіл-күйде болып, медицина қызметкерлеріне батасын берді.