Четверг, 28 ноября, 2024

Дәрігерлер 8-қабаттан құлаған 19 жастағы жігіттің өмірін сақтап қалды

Алматыда 8-қабаттан құлап кеткен жігітті дәрігерлер аман алып қалды. Оған шұғыл түрде бірнеше күрделі ота жасалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы таратқан хабарламаға сүйенсек, 19 жастағы жігіт аурухананың қабылдау бөліміне аса ауыр халде жеткізілген. Пациент шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер оның миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын, салдарынан бірінші-екінші дәрежелі травматикалық шок алғанын және көптеген сүйектері сынғанын анықтады.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың Ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекеловтің айтуынша, жансақтау бөлімі қызметкерлері алдымен пациентті жарақат салдарынан болған шоктан арылтқан. Жағдайы тұрақтанғаннан кейін дәрігерлер ота жасау туралы шешім қабылдай ды.

«Екі кезеңмен бірнеше операция жасалды. Бірінші ота «сынған жамбас сүйегін ашық репозициялау, пластинамен және бұрандалармен бекіту» деп аталады. Науқас есін жиып, жағдайы жақсарған соң екінші ота жасалды. Бұл операция барысында сүйек тіндерін сынған жерден бір-біріне жалғап, металл конструкциялардың көмегімен жалғадық», – деді Қанат Тәуекелов.

Мамандар сөзіне сүйенсек, жоғары технологиялардың көмегімен жасалған операция аса күрделі манипуляциялар қатарына жатады. Мұндай оталар МӘМС пакеті шеңберінде ғана жасалады.

«Біз пациентті емдеу барысында оның өмірін сақтап қалуды басты мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар, мүгедек болып қалмауы үшін барымызды салдық. Нәтижесінде біз науқастың өмірін сақтап қана қоймай, аяққа тұрғыздық», — деді дәрігер.

Бір айта кетерлігі, пациент операциядан кейін екінші күні-ақ аяққа тұрды. 25 метр биіктіктен құлаған жігіт Орталық қалалық клиникалық ауруханада реабилитациядан өтті.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған