Алматыда 80 млн теңгенің жарықтандыру бағаналары ұрланды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алматының Алатау ауданында мүлік ұрлығы болғаны анықталды. Кәсіпорындардың бірінің қызметкерлері жарықтандыру бағандарының кем екенін байқап, полицияға хабарлаған.
«Ұрлық жасау деректері жазылған бейнебақылау жүйелері қылмысты ашуға жақсы көмек болды. Біздің ауданымызда 20-дан астам осындай эпизод жасалғаны белгілі болды. Қаскөйлер түнде ұрлық жасап жүрген. Олар ГАЗель жүк көлігімен келіп, жалға алынған манипуляторды айдап әкеліп, тура іргедегі шам бағандарын кесіп, ұрлап кеткен. Біз 50-ден астам ұрланған бағандарды тәркіледік. 32 жастағы және 24 жастағы екі ер адам ұсталды. Олар УҰИ-ға орналастырылды. Заттай айғақ тәркіленді», – деді Алатау аудандық полиция басқармасының бастығы Есен Ысқақов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді. ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.