Среда, 27 ноября, 2024

Алматыда бағаны тұрақтандыруға 15 млрд теңге бөлінді

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін биыл жергілікті бюджеттен 15 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз мәслихаты барысында қала әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров айтты, деп хабарлайды Arda-ақпарат.

«Бағаны тұрақтандыру үшін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне 15 млрд теңге бөлінді. «Магнум» желісінің сөрелерінде бағаларды, сондай-ақ әлеуметтік нан және жұмыртқа өндірушілерінің сату бағаларын тұрақтандыру жүргізіліп отыр»,- деді спикер.

Сонымен қатар, маусымаралық кезеңде көкөніс бағасын тұрақтандыру үшін 20 мың тоннаға жуық көкөністі алдын ала «форвардтық» түрде сатып алынды. Сондай-ақ Павлодар облысының өндірушісінен 4 мың тонна картоп пен 1 мың тонна сәбіз сатып алу жоспарланып отыр.

«Бұдан басқа, 2023 жылғы сәуір-маусым айлары кезеңінде елдің оңтүстік өңірлерінен, Өзбекстан, Пәкістан және Ираннан ерте пісетін көкөністерді жеткізу ұйымдастырылатын болады. Бүгінгі таңда бұл мәселе ҚР Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрліктерімен бірлесіп пысықталуда»,- деді Алматы әкімінің орынбасары.

Спикердің сөзінше, Үкімет қант саласын дамыту жөніндегі бағдарламаны қабылдады, соған сәйкес Алматы ҚР Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, белгіленген бағамен 5,7 мың тонна өнім жеткізу үшін «Ақсуқант» қант зауытына 2,6 млрд теңге бөлу мәселесін пысықтады. Сонымен қатар, күріш, қарақұмық жармасы, күнбағыс майы және көкөніс өнімдерін сатып алуға 3,8 млрд теңге резервке қойылды.

«Бағаны тұрақтандыру шараларымен барлық 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері қамтылды, қол қойылған шарттар мен келісімдер шеңберінде өңірлерден 80 мың тоннадан астам өнімді жеткізу жүргізілуде. 1,5 мың «үй жанындағы» дүкендерге 2 мың тонна бакалея және 2,4 млн жұмыртқа жеткізу ұйымдастырылды. Азық-түлік емес тауарлардың 1,2 мың түрін қоймалардан көтерме бағамен сату жүзеге асырылуда»,- деді Әлішер Әбдіқадыров .

Бұдан басқа, Алматы облысынан және Қазақстанның басқа өңірлерінен жеткізілген ауыл шаруашылығы өнімдерінің кеңейтілген жәрмеңкелері мен «демалыс күні» жәрмеңкелері өткізілді.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған