Алматыда Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсы басталды. Байқау 17-қыркүйекке дейін Абай атындағы Ұлттық академиялық опера және балет театрында өтеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Классикалық музыка тыңдармандары үшін бұл күндер нағыз мереке. Кеш қонақтары мен конкурс қатысушыларына Қазақстанның және КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның және КСРО Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенова ыстық лебізін жеткізді. Халықаралық вокалистер конкурсы бүгінгі жастарды таза классикалық және халықтық музыкамен сусындатып, талғамын көтермек. Сонымен қатар, конкурс жас талантты орындаушыларды анықтап, қазақтың классикалық өнерін асқақтата түспек.
«Бибігүл Төлегенованың Халықаралық вокалистер конкурсы – халықаралық және жоғары деңгейлі жастар үшін ең классикалық музыка байқауы. Яғни, бұл байқау жаңа таланттарға жол ашады. Қатысушыларға өздерінің шығармашылық әлеуетін паш етуге мүмкіндік береді. Кәсіби тәжірбиелік тұрғыда өздерінің шеберліктерін шыңдайтын, классикалық өнерде жоғары деңгейге шығуға жол ашатын алаң, ал өнер жолын жаңа бастап келе жатқан орындаушыларға алғашқы кәсіби алаң деуге болады», — деді Люксембургтан келген жюри мүшесі, халықаралық конкурстардың лауреаты, әлемдік опера ханшайымы Елена Заремба.
Қазақстанның әр түкпірінен және шетелдерден конкурсқа қатысу үшін келген өнерпаздардың саны 73-ке жетті. Талап бойынша конкурсқа 1988 жылдың 1 қазанынан кейін және 2004 жылдың 1 қазанына дейін дүниеге келгендер ғана қатысады. Қатысушылардың өнерлерін жоғары мәртебеге ие кәсіби қазылар алқасы бағалайды. Олардың қатарында Италия, Люксембург, Чехия, ҚХР және Қазақстанның әлемдік деңгейдегі опералық өнер майталмандары бар. Қазылар алқасының төрайымы — Бибігүл Төлегенованың өзі.
«Жас әншілердің өнерін Халықаралық қазылар алқасы бағалайды және әр қатысушыға орындау шеберлігі бойынша шығармашылық қорытынды жасалып, кәсіби жоғары мамандардың кеңесін алады. Бұл өнер мерекесі жаңа әншілердің есімін жарыққа шығарып, олардың әлемдік сахнаға шығуына ықпал етеді. Байқауда қатысушылар іріктеу және финалдық турлардан өтеді. Барлық тыңдау ашық өткізіледі. Орындаушылардың қатысу реттілігі жеребе арқылы анықталып, байқау аяқталғанша сақталады. Финалға 14 қатысушыға дейін ғана іріктелгендер өтеді. Бибігүл Төлегенованың ХII Халықаралық вокалистер конкурсы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатыр», — деді конкурсты ұйымдастырушылар.
Қазақстанның және КСРО Халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Қазақстанның және КСРО Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Бибігүл Төлегенова биыл 94 жасқа толды.