Алматылық дәрігерлер денесін түгел дерлік күйік шалған азаматты аман алып қалды. Ол ауруханада 53 күн бойы ем алған, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Науқан 30-наурызда Алматыдағы №4 қалалық клиникалық ауруханасының жансақтау бөліміне шұғыл жатқызылған. Реаниматологтар Антонның өмірі үшін 20 күн бойы күресіпті. Науқас мамандандырылған күйік бөлімінде бір айдан астам уақыт жатты, күйік хирургтары оған бір мезгілде аутодермопластикамен некрэктомия отасын жасады. Басқаша айтқанда, олар күйік қабыршағын алып тастап, бүтін терімен жамады.
«Бұл бірегей жағдай деп атар едім — бас, бет, мойын, дене, аяқ-қолдың 94%-ының I-II-IIIa-IIIб дәрежесіндегі термиялық күйігі. Қазіргі уақытта науқастың күйік ауруы қалпына келу сатысында», — деді Алматы қаласының төртінші қалалық ауруханасының дәрігер-комбустиологы Диас Дәулетбеков.
Ол әлі жарақатынан айығып үлгермеген. Сол себепті бетін көрсетпеуді өтінді.
“30 наурызда көлігімнің аккумуляторы отырып қалды. Оны тұтатқанда от шығып үстімдегі киімімнің бәрі дерлік өртенді. Ауыр күйіктер болды, қатты ауырды, қаншама операцияны бастан өткердім. Екі айға жуық дәрігерлер менің өмірім үшін күресті, бүгін мен қалыпты өмірге оралдым, жүре аламын, өзімді күте аламын”, — дейді Антон.
Ауруханада 53 күн жатып, үйіне оралған Антон құтқарушыларына алғыс білдіріп, олардың есімдерін жариялауды сұрады. Яғни ол №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігерінің емдеу бөлімі бойынша орынбасары – Биконуров Нұржан Омарұлына, жансақтау бөлімінің меңгерушісі – Дәулетбеков Жандос Шымыртайұлына, күйік бөлімінің меңгерушісі — Әлменов Елдос Әділханұлына, комбустиолог – Андрей Федотов пен Дәулетбаев Диас Ермұханбетұлына және клиниканың орта және кіші медициналық персоналдарына өз рахметін айтты.

