Бүгін таңғы сағат 07:13-те Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті күштері мен құралдары Түрксіб ауданы, Іле тас жолы, 15 мекенжайына шықты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Департамент мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бригадасы 7 минутта оқиға орнына жетті. Келген сәтте автошиналарды қайта өңдеу цехының ғимаратын қатты түтін басып, 200 шаршы метр аумақ ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды.
«Көршілес тұрған оттегі станциясы бар ғимаратқа өрттің таралу қаупі туындады. Жанып тұрған қараңғы қоймадан кез келген минутта жарылуы мүмкін жалпы көлемі 100 л екі оттегі баллонын шығарды»,- деп хабарлады ведомстводан.
Өрт сағат 08.07-де оқшауланып, сағат 08.25-те сөндірілді.
Қайтыс болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
«Қабылданған шаралардың арқасында цехтағы жабдықтар, «TGB GROUP» ЖШС ғимараты оттан қорғалды, сондай-ақ өрт жаңа автошиналарға таралуына жол берілмеді. Қазір өрттің шығу себебі анықталуда. Қазіргі таңда су төгу және үйінділерді жинақтау жұмыстары жүргізілуде»,- деп атап өтті ведомстводан.