Четверг, 28 ноября, 2024

Алматыда ешкімге аға-көке емеспін – Ерболат Досаев

Алматы әкімі Ерболат Досаев қалада ешкімге аға-көке емес екенін айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Жетісу ауданының тұрғындарымен кездесуде қала тұрғыны дүкен және кафесі бар кәсіпкердің үстінен шағымданды.

«Бөкейханов көшесіндегі дәмхананың иесі өз аумағын заңсыз кеңейтіп жатыр. Кафенің аумағы тіпті табиғи қорғалатын аумаққа, яғни Есентай өзеніне дейін жетті. Ол жерде жазғы кафе салмақшы. Жұмыстарды бастап кетті. Ол біздің ескертулерге құлақ аспайды. Оның сенген мықты көкесі бар ғой деймін», — деді қала тұрғыны.

Ерболат Досаев қалада кім-кімнің аға-көкесі екенін, олардың немен айналысатынын білмейтінін айтты.

«Мен қалада кім-кімнің аға-көкесі екенін, олардың немен айналысатынын білмеймін. Мен өзім қалада ешкімге де аға-көке емеспін және аудан әкімдеріне де біреулерге олай болуға рұқсат етпеймін. Біз сіздер секілді қарапайым кісілерміз. Егер сотпен дәлелденбесе, бізге ондай мәселелерді астарлап айтудың қажеті жоқ», — деді қала әкімі.

Алматы басшысы, сондай-ақ аталған мәселені шешу үшін аудан әкіміне хаттамалық тапсырма беретінін, егер қаласа қала тұрғыны оның жанында еріп жүруіне болатынын қоса айтты.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған