Қаржы мониторингі агенттігінің Алматы қаласы бойынша департаменті қалалық авиациялық көлік прокуратурасының үйлестіруімен ірі көлемдегі есірткі заттарының заңсыз айналымының жолын кесті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Алматы қаласында қызметтік-іздестіру итінің көмегімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында АҚШ-тан пошта арқылы жөнелтілген затты алған тұрғын жалпы салмағы 866 грамм болатын «марихуана» есірткісімен ұсталды.
Ұсталған азаматтың пәтерін тінту кезінде есірткі заттары, 5 дана электронды таразы, сондай-ақ есірткі заттарын қолдануға және орауға арналған құрылғылар тәркіленді», — делінген ҚМА хабарламасында.
Ұсталған азаматтың Telegram мессенджері арқылы есірткі сатумен айналысқаны анықталды. Қазіргі уақытта тергеу жүріп жатыр, бірқатар сараптамалар тағайындалды.
Күдіктіге қатысты «қамау» түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.