Алматының учаскелік инспекторы кәмпитке қақалып қалған кішкентай қыздың өмірін қалай құтқарғанын айтып берді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алмалы аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бақдәулет Мамыр өткен мереке күндері қайғылы оқиға бола жаздағанын айтып берді. Ол күні бойы қаланың қоғамдық орындарында тәртіпті қамтамасыз етіп, кешкісін үйіне қайтып бара жатқан.
«Рысқұлов пен Момышұлы көшелерінің қиылысында әйел адамның айғайлаған дауысын естідім. Жүгіріп бардым, әйелдің баласын құтқармақ болып жатқанын көрдім. Ол кішкентай қыздың кәмпитке қақалып қалғанын айтты. Мен өте жылдам әрекет еттім, автоматты түрде: баланың басын төмен қаратып көтердім, арқасынан бірнеше рет ұрдым, кәмпит аузынан ұшып кетті. Барлығы өте тез болды. Мен қыздың атын да сұрамадым, өзімді де таныстырмаппын. Баланың аман қалғанына бәріміз қуандық. Бұл — менің полиция қызметкері ретіндегі борышым», – деді Мамыр.