Вторник, 26 ноября, 2024

Алматыда халал өнімдер көрмесі өттіп жатыр

Үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылған көрме қала қонақтары мен тұрғындарына тағам өнімдерін, жартылай фабрикаттарды, халал косметикалық бұйымдарды ұсынды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Екі күнге созылатын айтулы шараға 100-ден асам кәсіпорынның өнімдері қойылған. Шетелден келген мамандардың қатысуымен дәріс, сұхбат, пікір алмасу өткізіліп жатыр.

Шара барысында ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Үздік халал кәсіпорындарды» марапаттады.

Бүгін Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының бастамасымен үшінші жыл қатарынан «HALAL EXPO-2023» көрмесі ұйымдастырылды. Бұл халықаралық көрме алғашында Шымкент, Астана қалаларында өтті. Біз ісіміздің адалдығына, ұл-қызымыздың тәрбиесіне аса мән берген халықпыз. Осы ретте қала тұрғындарына халал өнімдерді ұсынуды жөн көрдік. Көрмеге алыс-жақын шетелдерден біздің бауырларымыз келіп отыр. Атап айтсақ, сонау Индонезия елінен, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінен келген кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Бұл жерде 100-ден астам кәсіпорын қатысып отыр. Бүгінде елімізде ҚМДБ халал сертификатын алған 1500-ден астам кәсіпорын бар. Оның 700-ге жуығы тағам өндіреді. Біздің мақсатымыз – мұсылмандардың адал ас ішуін қамтамасыз ету. Осы ретте, көрменің ұйымдастырылуына қолдау білдірген барша ұжымдарға алғыс білдіремін, – деді ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Көрмеге келген қала тұрғындарына өнімдерді арзан бағамен сатып алуға мүмкіндік жасалды. Көрмеге ет, құс, сүт және балық өнімдері, жартылай фабрикаттар, кондитерлік және бал өнімдері, халал косметикалық бұйымдар, май өнімдері мен шұжықтар, сусын секілді өнімдер қойылды.

Шетелден келген қонақтарымыға еліміздің әлеуетін көрсетуге бұл шара – таптырмас мүмкіндік. Елімізде бұл көрме үшінші жыл қатарынан ұйымдастырылып келе жатыр. Ірі мегаполистерімізде өткізілген көрме –қаланың экономикасын дамыту үшін таптырмас мүмкіндік. Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өзінің ыстық лебізін білдіріп, көрменің сәтті өтуіне тілегін айтты, – дейді ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов.

Еске сала кетейік, көрмеге отандық және Өзбекстан мен Қырғызстан, Украина, Малайзия мен Индонезия мемлекеттерінің халал сертификатын иеленген кәсіпорындары өз өнімдерімен қатысып жатыр.

Қазақстанның күнтізбесіндегі маңызды шара – «HALAL EXPO-2023» көрмесінде барлықтарыңызды көргеніме қуаныштымын. Индонезия – әлемдегі ең үлкен ислам мемлекеттерінің бірі. Халқымыздың 80 пайызы мұсылман адамдар. Бүгінгі көрмеде Индонезияның 20 жуық компаниясы әкелген негізгі 4 өнімді көре аласыздар. Сондай-ақ, бүгінгі шара біз үшін де өте маңызды. Өйткені аталмыш шара Индонезия мен Қазақстан арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастың 30 жылдығына тұспа тұс келіп отыр. Алға Қазақстан! Алға Индонезия! – деді Индонезия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Мохамад Фаджрул Рахман.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған