21-29 сәуір аралығында Алматыда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен VI халықаралық «Ортеке» қуыршақ театрларының фестивалі өтеді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Іс-шараға республикалық мемлекеттік академиялық корей музыкалық комедия театры, Алматы қаласының мемлекеттік қуыршақ театры және «Тотальный театр» қатысады. Фестивальдің конкурстық және конкурстан тыс бағдарламасы аясында Қазақстан, Грузия, Түркия, Корея, Өзбекстан және Қырғызстан қуыршақ театрларының үздік қойылымдары ұсынылады. Жеңімпаздарды құрамында Қазақстан, Корея, Грузия және Түркияның жетекші театр қайраткерлері бар халықаралық қазылар алқасы айқындайтын болады.
Фестивальға кіру тегін.
Сондай-ақ іс-шара аясында жетекші актерлер мен режиссерлердің қатысуымен шеберлік сабақтары мен дөңгелек үстел өтеді.
Фестивальдің мақсаты мен міндеті – қуыршақ театрларын дәріптеу, басқа елдермен мәдени байланыстарды нығайту, дарынды артистер мен режиссерлерді іздеу және, әрине, отандық театр өнерін дамыту. Мұндай іс – шаралар біздің жас артистерімізге өздерін көрсетуге, жаңа көрермен табуға және шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді, — деді ҚР МСМ Мәдениет комитетінің төрағасы Роза Кәрібжанова.
«Ортеке» қуыршақ театрларының халықаралық фестивалі 2007 жылдан бері, 2 жылда бір рет өткізіліп келеді.