Алматы қаласының жер қатынастары басқармасы метро стансасын салу мақсатында мемлекет мұқтажына 92 жер телімі иеліктен шығаруға жататынын мәлім етті, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Бүгінгі күні оның 24-і меншік иесінен сатып алынды. Қалған 68-і бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.
Алматы қаласы әкімдігінің 2021 жылғы 10 желтоқсандағы қаулысымен «Метрополитен» ШЖҚ МКК метроның үшінші кешенінің іске қосу құрылысының жаңа жобасын әзірледі.
Ол Яссауи көшесінен батыс бағытта Абай даңғылының бойымен «Барлық» базарына дейін барады.
Қазіргі таңда аталған жоба бойынша 60 жер учаскесінде «Мемлекет мұқтажына алуға байланысты жер учаскелерін немесе өзге де жылжымайтын мүлікті мәжбүрлеп иеліктен шығаруды бастау туралы» қаулы қабылданды.
«Мемлекеттік мүлік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 67-бабына сәйкес, жеке сектордың жер телімдерін сатып алуға жоспарланған бюджет қаражатының көлемі бағалау нәтижесінде жасалған тәуелсіз бағалаушы компаниялардың есебі негізінде айқындалады», — деп атап өтті ведомстводан.
Бұған дейін Алматы әкімдігі 2023 жылы «Қалқаман» жаңа метро стансасын салу және бірнеше көше мен даңғылды ұзарту үшін жер телімдерін сатып алуды аяқтайтынын айтқан болатын.