Іс-шаралар 21 наурыз, таңғы сағат 10:00-де Наурыз мерекесіне арналған шеруден басталады. Шеру Алматы қаласының орталық көшелері – Абай және Абылай хан даңғылдарының бойымен өтіп, Төле би көшесіне дейін барады. Мерекелік іс-шараға барлығы 500 адам қатысады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Сағат 11:00-де «Астана» алаңында «Наурыз-думан» гала-концерті өтеді. Әртістер сахнада ұлттық және әлемдік музыкалық шығармаларды орындап, актерлердің және балалар ұжымдарының қатысуымен театрландырылған музыкалық қойылым көрсетіледі.
22 наурыз, сағат 17:00-де «Астана» алаңында жас орындаушылардың қатысуымен Zhuldyzdy Almaty концерті ұйымдастырылады.
21-22 наурыздағы мерекелік іс-шаралар кезінде қала тұрғындары мен қонақтарына 60 тонна наурыз көже мен бауырсақ таратылатын болады.
18-24 наурыз аралығында Панфилов және Жібек Жолы көшелерінде «Наурыз Fest» іс-шарасы өтеді. Бұл күндері суретшілер мен қолөнершілердің көрмелері ұйымдастырылып, келушілер кілем тоқу, жібек пен керамиканы бояу, асыл тастарды кесу, былғары, ағаш, шыны және сазбен жұмыс істеу технологиясымен таныса алады. Сондай-ақ аниматорлардың қойылымдары, халықтық караоке, биден флешмоб, конкурстар, эстрада жұлдыздарының қатысуымен жанды дауыстағы концерт, сыйлықтардың ұтыс ойындары, басқа да шаралар өткізу жоспарлануда.
Абылай хан даңғылының аумағында балалар алаңы орналасады. Бұл алаңда аниматорлар, цирк әртістері, қуыршақ театрының актерлері өнер көрсетеді және Мұрат Мұтырғановтың шоуы мен халық ертегілерінің кейіпкерлері қуыршақтарының қойылымдары болады. Сондай-ақ бұл алаңда ойын фигуралары орнатылып, танымдық бағдарламалар, отбасылық және балалар ойындары, эстафеталар өтеді.
Арбаларға орналастырылған 10 арнайы сөреде және шатырларда қолөнершілердің бұйымдары ұсынылады.
Төле би көшесінің бойында (Панфилов көшесінен Назарбаев даңғылына дейінгі аралық) спорт аймағы орналасатын болады. Мұнда «Асық ату», «Жамбы ату», «Арқан тарту», «Қол күрес», «Қазақша күрес», «Көкпар тарту», «Тоғыз құмалақ» спорттық ойын-сауық ұлттық жарыстарын өткізу жоспарланған.
«Алатау» дәстүрлі өнер театрының аумағында 21-23 наурыз аралығында әртістердің өнерін және «Наурыз-думан» театрландырылған спектаклін көрсету үшін арнайы сахна орнатылып, этноқалашық ұйымдастырылады. Мұнда қолөнершілердің көрмелері, шеберлік сыныптары, флэшмобтар, қуыршақтар шеруі, спорттық жарыстар өтеді.
Сонымен қатар, дәстүрлі түрде қаланың барлық аудандарында 14-24 наурыз аралығында сағат 17:00-ден 20:00-ге дейін мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылып, сахнада қазақ музыкалық фольклорының үздік шығармалары орындалады.