Биыл белгілі жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің туғанына 80 жыл толды. Атаулы мерейтой қаламгердің туған жері Қатонқарағайдан бастау алып, қазір республика көлемінде тойлануда. Осы орайда 28-30 қыркүйек аралығында жазушының жастық шағы өткен Алматы қаласында да бірқатар мерекелік іс-шара жоспарланып отыр, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алматыдағы мерекелік шаралар легі ҚР Ұлттық кітапхана ғимаратында Оралхан Бөкей кітаптары мен «Төр Алтай бояулары» пленэріне қатысқан суретшілердің көрмесімен басталады.
Көрмеден соң «Ел-шежіре» қоғамдық қорының Оралхан Бөкей шығармашылығына арнап ұйымдастырған «Өр Алтайдың асқақ жыршысы» атты конференциясы өтеді.
30 қыркүйек күні 11:00-де Алматы қаласының «Алатау» дәстүрлі өнер театрында республикалық аламан айтыс өтеді. Оған республикамыздың түкпір-түкпірінен жиналған ақындар қатыспақ. Атап айтқанда, сөз додасына Жансая Мусина, Мұхтар Ниязов, Мейірбек Сұлтанхан, Ершат Қайболдин, Аспанбек Шұғатаев, Шұғайып Сезімхан, Нұрзат Қаруқызы, Ержан Әміров, Серік Қуанған, Ақниет Жұбаныш, Қазырет Бердіхан, Төлеген Жаманов, Айбек Жеңісқазин, Фархат Маратұлы сияқты суырыпсалма ақындар өнер көрсетеді.
Еске салайық, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған мерекелік шаралар Ауылдық аймақтарды тұрақты дамыту қорының ұйытқы болуымен өтіп жатыр.