Алматыда қайтыс болған 53 жастағы әйел төрт адамға донор болды. Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында жас жігітке жүрек трансплантациясы жасалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Дәрігерлердің айтуынша, Алматының 53 жастағы тұрғыны төрт адамның өмірін аман алып қалды.
Ол екінші рет мидың өліміне әкеп соқтырған ишемиялық инсультқа шалдыққан.
Донор Алматыдағы № 4 ауруханада қайтыс болған. Ағзаны алу шаралары аталған медициналық мекемеде жасалды.
«13 шілде күні туыстары марқұмның ағзасын алуға келісім берді. Оның жүрегі 23 жастағы жас жігіттің өмірі сақтап қалды. Оған бұған дейін екі рет ота жасалған. 2013 жылы жүрек жеткіліксіздігі диагнозы қойылды. Содан бері оның жағдайы нашарлай түсті. Жалғыз жол- жүрек ауыстыру болды. Енді операциядан соң пациенттің сапалы және ұзақ өмір сүруіне мүмкіндігі бар», — дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.
Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы Марат Пашимовтың айтуынша, күрделі операция 6 сағатқа созылды.
Ота Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталықпен бірлесіп, еліміздің жетекші кардиохирургы Юрий Пяның тікелей басшылығымен жасалды.
«Алматыда жүректі алғашқы алмастыру Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық мамандарының қолдауы мен Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ командасының үйлесімді жұмысының арқасында мүмкін болды», — деді ол.
Қазақ ұлттық медицина университетіне ректоры Марат Шорановтың сөзінше, қайтыс болған әйелдің жүрегінен басқа екі бүйрегі және бауыры да алынып, кезекте тұрған науқастарға трансплантация жасалған.
«Қазір елімізде төрт мыңға жуық адам ағза ауыстыру кезегінде тұр. Оның ішінде 147 науқас жүрек трансплантациясы бойынша тізімге қойылған»,-деді Марат Шоранов.