Алматыда былтырғы Қаңтар оқиғалары кезінде әуежайды басып алу ісі бойынша сот отырысы басталды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«Әуежайды басып алуға қатысты сот отырысы басталды. Оған әкімшілік қамаудан шығып, ол жерге бар болғаны 20 минут уақытқа ғана барған Әйгерім Тілеужанованы айыптайды. Тергеудің қиялына шек жоқ екен. Оларға айыптау емес фантастика, детективтер жазу керек! Әділ үкім мен ақтауды күтеміз», — деп жазды адвокат Гүлнар Жуаспаева бейсенбі күні әлеуметтік желідегі парақшасында.
Әйгерім Тілеужанның адвокаты Айнара Айдарханның сөзінше, оны «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастырды» деудің қисыны жоқ. «Өйткені ол Алматыда Қаңтар оқиғасы басталар алдында әкімшілік жазамен қамауда отырған.
Бұл іске қатысты белсенділер Әйгерім Тілеужан мен Қалас Нұрпейісовтен басқа тағы үш адам – Нұрлан Дәлібаев, Ермұхамет Шилібаев, Жанайдар Кәрменовтер айыпталып отыр. Олар тағылған айыпты мойындамайтынын айтқан.
43 жастағы алматылық мұғалім Қалас Нұрпейісовке Қаңтар оқиғасынан кейін төрт бап бойынша айып тағылған: оның екеуі («тонау» және «автокөлікті иеленіп алу») амнистиямен қысқаруға тиіс. Ал «жаппай тәртіпсіздік» және «ғимаратқа басып кіру» баптары амнистияға ілінбейді.
Бас прокуратура таратқан мәліметте «Нұрпейісов Алматы әуежайына және «Қазаэронавигация» ғимаратына шабуыл жасады, оны басып алды» делінген. Бас прокуратураның дерегінше, шабуыл салдарынан Алматы әуежайы мен әуекомпанияларға 6,1 миллиард теңге, кәсіпкерлерге 414,1 миллион теңге залал келген.
Биыл 5 қаңтарда бас прокурор Берік Асылов «Діни экстремистік ұйымдардың екі мүшесі Қалас Нұрпейісов пен Әйгерім Тілеужан Алматы әуежайын басып алған» деп мәлімдеген еді.