Алматыда қаңтар оқиғасының 25 қатысушысына қатысты үкім шығарылды, — деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Істі Бостандық ауданының №2 аудандық соты қарады. Сот тергеуі барысында сотталушылардың 4-5 қаңтар аралығында қаланың әр жерінде жаппай тәртіпсіздіктерге қатысқаны анықталды:
-
тұрғын, қызметтік және өндірістік үй-жайларға заңсыз кіру арқылы аса ірі көлемдегі ұрлық жасаған;
-
ірі залал келтіріп, автокөліктерді ұрлаған;
-
қауiптi өндiрiстiк нысанның, сондай-ақ арнайы органдар күзетiп отырған басқа да нысандардың аумағына заңсыз кірген.
Бұл айтарлықтай шығынға және басқа да ауыр зардаптарға әкелгені атап өтілді.
«Сондай-ақ, олар алдын ала сөз байласу арқылы атыс қаруы мен оқ-дәрілерді ұрлап әкеткені, сондай-ақ төтенше жағдай жарияланған жердегі жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бір топ адам болып алдын ала сөз байласу арқылы билік өкілдерінің денсаулығына зиян келтіргені, мүлкін бүлдіріп, жойғаны анықталды», — деді Алматы қалалық сотының баспасөз өкілдері.
Жаза тағайындау кезінде келесі факторлар ескерілген:
-
сотталушылардың кінәсін толық және ішінара мойындау;
-
соттылығы жоқ;
-
жасы;
-
құқықбұзушылық жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлық;
-
кәмелетке толмаған балаларының болуы;
-
қылмыстық құқықбұзушылықтың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі;
-
төтенше жағдайда қылмыстық құқықбұзушылық жасау.
Сот үкімі бойынша, 20 айыпталушы рақымшылық заңын қолдану арқылы 9 айдан 1 жыл 9 айға дейін шартты түрде бас бостандығынан айырылған.
Рақымшылық заңының қолданылуына байланысты тағы төртеуі жазадан босатылды.
Бір адамға қатысты қылмыстық іс қайтыс болуына байланысты тоқтатылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.