Среда, 27 ноября, 2024

Алматыда қоғамдық көлікпен жол жүру ақысы өсті

Алматыда қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге өседі. Бұл туралы мәслихат сессиясында қала әкімінің орынбасары Асқар Әмрин айтты, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

Спикердің сөзінше, тасымалдаушылардың шығыны артқанына қарамастан, Алматыда жол жүру құны 11 жылдан астам уақыт бойы өзгермеген.

«Ағымдағы тариф тасымалдаушылардың шығынын өтемейді. Себебі, жол жүрудің нақты құны бекітілгеннен 3 есе қымбат. Осыған байланысты әкімдік ай сайын тасымалдаушылардың шығыстарын субсидия түрінде жауып келеді. 2020-2022 жылдары төленген субсидиялар сомасы 115,8 млрд теңгені құрады. Инфляцияның, жанар-жағар май бағасының өсуі мен қосалқы бөлшектердің шығынын ескере отырып, төленетін субсидиялар сомасы жыл сайын 10-нан 30% дейін ұлғаяды», — деді Асқар Әмрин.

Ол сондай-ақ жолаушылар үшін қоғамдық көлікте жол жүру құны 20 теңгеге артатынын мәлім етті.

«Қолма-қол ақшасыз төлеммен – 100 теңге, қолма-қол төлеммен 200 теңге мөлшерінде жаңа тарифтерді қолдану – биылғы жылы субсидиялар сомасын шамамен 10 млрд теңгеге төмендетуге мүмкіндік береді. Оларды басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларға қайта бөлуге болады», — деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Асқар Әмрин.

Айта кетейік, «Алматы көлік холдингі» ЖШС дерегіне сүйенсек, жолаушылардың шамамен 97% жол жүру ақысын «Оңай» картасымен, оның ішінде «Оңай» қосымшасында QR-код немесе SMS-хабарлама арқылы төлейді. Жалпы, қоғамдық көлікті күніне 1,4 миллионға дейін адам пайдаланады.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған