Вторник, 26 ноября, 2024

Алматыда тағы бір көше ұзарады

Алматыда тағы бір көше ұзартылады. Қазір жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл туралы қала әкімі Ерболат Досаев Түрксіб ауданы тұрғындарымен кездесуінде мәлім етті, деп хабарлайды Arda-ақпарат.

«2023 жылдың соңына дейін Б. Хмельницкий көшесін Талғар тасжолына дейін ұзарту үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді. Құрылыс 2024-2025 жылдары жүргізіледі»,- деді ол.

Сонымен қатар, Ерболат Досаев «Қайрат» шағынауданы тұрғындарының өтініші бойынша Сұлушаш, Көрімдік, Сыбызғы көшелеріндегі жолдар жөнделіп, 2,5 шақырым жолға асфальт төселгенін атап өтті.

«Ауданда ұзындығы 9 шақырым 17 көше жөнделіп, 89 көше ағымдағы жөндеуден өтті. Ұзындығы 9 шақырым болатын 11 көшеге тротуарлар салынып, жөнделді. Б.Хмельницкий, Е. Бекмаханов, Сүйінбай және Лавренев көшелерінде 11 реттелетін бағдаршам және Сейфуллин даңғылында, Шемякин, Папанин және Жұмабаев көшелерінде 5 бағдаршам іске қосылды»,- деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар, ол Әлмерек, Нұршашқан шағынаудандарында және ауданның 23 көшесіне 27 жаңа аялдама орнатылғанын тілге тиек етті.

«Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін №215 маршрут Жас қанаттан Шуақты шағынауданына дейін ұзартылды. Автобустардың рейске шығу саны 5-тен 7-ге дейін көбейтілді. Бұған қоса, №8, 36, 69, 138 сынды 4 бағыттың 39 автобусы жаңартылды».- деп қосты Ерболат Досаев.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған