Алматылық полицейлер төрт азаматтан травматикалық тапанша мен оқ-дәрілерді тәркіледі, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріковтың айтуынша, Назарбаев даңғылы мен Сәтбаев көшесінің қиылысында полиция қызметкерлері БМВ көлігін тоқтатқан.
Тәртіп сақшыларына көлік ішінде отырған төрт ер адамның іс-әрекеті күдікті болып көрінген.
«Көлік құралын тексеру барысында багаждан 2 травматикалық тапанша мен оларға арналған оқтар табылды және тәркіленді. Осы уақытта күдіктілердің бірінен тағы бір травматикалық тапанша, оқтар мен пышақ табылып, тәркіленді. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 287-бабы 2-бөлігіне (Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) сәйкес қылмыстық іс тіркеліп, тергелі жатыр», – деді Медеу аудандық полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.
Полиция өкілі қарудың кімге тиесілі екендігі сотқа дейінгі тергеу барысында анықталатынын айтты.