Алматыдағы жатақхананың бірінде өрт шығып, бір түнде 40-қа жуық адам опат бола жаздады, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері тілсіз жаудың тұтануына тоқ сымдарындағы ақау себеп болған дейді. Алайда бұл әзірге болжам ғана. Өкініштісі бұл жерді паналағандардың енді барар жер, басар тауы болмай тұр.
Қалың ұйқыда жатқан жұрттың үрейін алып, бас сауғалатып жіберген қызыл жалын түнгі сағат 02:00 шамасында тұтанған. Қасқағым сәтте от жатақхананың үстінгі қабатындағы пәтерлерді жалмап, тұрғындардың бар мүлкін күл қылды. Астыңғы қабаттағы бөлмелері де жарамсыз. Ыстыққа балқып кеткен құбырдан аққан және өрт сөндірушілер шашқан судан бәрі бүлінген.
Төсекте екі балам ұйықтап жатқан, жан-жағын от шарпып жатыр. Екі баланы шығарып, кері кіріп телефон, құжаттарды алып сыртқа қарай лақтырдым. Чемоданда машинаға жинаған 2 млн 700 мың ақшам, бәрі іште қалды. Киім-кешек ештеңе алып үлгермедік, – деді қала тұрғыны Роза Дәуренбекова.
Бір сәтте барымыздан айырылдық деп көз жасын көл қылған тұрғындардың көбінде жақын маңда туыс жоқ. Барар жері болмағандықтан, оқиғадан кейін сыйғаны көршінің үйінде, сыймағаны далада түнеген. Әкімдік өкілі зардап шеккендерге көмек болады деп басу айтты.
Қазір 35 адам үйсіз қалып отыр. Оның ішінде 14 бала, 9 отбасы бар. Бұл кісілерді жатақханаға немесе пәтерге орналастырамыз. Бір отбасы 15 күнге сұрап жатыр, бір отбасы 20 күнге, енді бірі 30 күнге сұрап жатыр. Соның бәрі қазір қарастырылатын болады, – дейді Әуезов ауданы әкімі аппараты коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Ерасыл Өкіметов.
Бүгін қызыл жалынның қалай тұтанғаны егжей-тегжейлі зерттеледі. Бірақ алдын-ала жасалған болжам бойынша өрт көрші үйден шығып, шатыр арқылы жатақханаға шарпыған деген тоқтамға келді.
Бұл өрттің себебі, алдын ала болжам бойынша, электр сымдарындағы қысқаша тұйықталудан. Өрт орнында зардап шеккендер немесе жарақат алғандар болмады. Өрт сөндіру бөлімдерімен және өрт орнына келген кезде адамдарды құтқару, эвакуациялау жұмыстары жүргізілді, – деді Әуезов ауданы ТЖБ бас маманы Рауан Дәуренұлы.