Алматыда қан айналымы жүйесі ауруларымен сырқаттанушылық саны бірнеше есеге өсті. Елімізде жыл сайын аталған аурудан 40 мыңға жуық адам қайтыс болады. Алматыда бұл көрсеткіш жыл басынан бері 8 мыңнан асты, бұл – өткен жылмен салыстырғанда 9,4%-ға жоғары көрсеткіш, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
«2023 жылға арналған атеросклероз және липидтер алмасуының бұзылуы кезінде медициналық көмек көрсету жөніндегі жол картасы» жұмыс істейді. Мақсаты – жүрек-қан тамырлары ауруларының қауіп факторлары, «қан тамырлары» ауруларының алғашқы белгілері (инфаркт пен инсульт) жайында халықты ақпараттандыру.
«Жүрек және қан тамырлары аурулары Қазақстан халқының, оның ішінде Алматы қаласында да өлім-жітім себептері бойынша басым болып тұр. Мәселен, 2023 жылдың 6 айында Алматыда қан айналымы жүйесі аурулары бойынша сырқаттанушылық көрсеткіші 8 443,9 құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,4%-ға жоғары. Бұл динамика пациенттердегі жүрек-қан тамырлары патологиясының медициналық профилактикалық тексерулер кезінде немесе медициналық мекемелерге жүгінген кезде жиі анықталатындығына байланысты.
Биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ересек тұрғындардың белгілі бір топтарының скринингі аясында алғаш рет жүрек-қан тамырлары ауруларының 6 114 жағдайы анықталды», — деді Алматы қалалық кардиологиялық орталығы директорының медициналық жұмыс жөніндегі орынбасары Әлия Әбенова.
Ерлер мен әйелдерді тексерудің қан айналымы жүйесінің ауруларын анықтауға арналған cкрининг 40-70 жас аралығындағы емханада тіркелген жері бойынша жүргізіледі. 6 айдың қорытындысы бойынша Алматыда мақсатты топтың 68%-ы скринингпен қамтылған. Соңғы уақытта жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдыққан жастардың саны да артқан.
«Жастар арасында да көбейіп келе жатқанын байқадық. Басқаша айтқанда, ауру жасарып келеді. Қазір 35 пен 50 жас аралығындағы адамдардың оннан бірінде дәрігерлер жүрек ауруын табады. Олардың дамуына адамдардың жас кезінен қалмайтын жаман әдеттер себеп болады, олар: темекі шегу, алкогольді ішімдік ішу, шамадан тыс тамақтану», — деді дәрігер.
Бұл ретте алматылықтар арасында жүрек-қан тамырлары ауруларынан ең көп таралғаны – артериялық гипертония. Оған барлық жүрек-қан тамыры ауруларының шамамен 50%-ы байланысты.
«Артериялық гипертонияны жеке ауру ретінде де, жүректің ишемиялық ауруы, миокард инфарктісі және инсульттің дамуына әкелетін жеке қауіп факторы ретінде де қарастыруға болады. Өкінішке қарай, бізде тұрғындардың жартысы қан қысымының жоғары болуына назар аудармайды. Бір қынжылтатыны, бұл санның көпшілігі емделмейді.
Бұл жерде айта кететіні, қысымның жоғарылауы жүректің қарқынды жұмыс істеуіне әкеледі, оған үзіліс бермейді, осылайша тамырлардың жұмысы нашарлайды. Тамырлардың аневризмалары пайда болады, олардың қабырғалары созылып, жұқарып, жарылуы мүмкін. Сондықтан артериялық гипертензия көбінесе миокард инфарктісі мен инсультке әкеп соқтырады», — деді Әлия Әбенова.
Мамандардың пікірінше, көп жағдайда адамдар ауырсынуды басатын дәрі немесе нитроглицерин таблеткасын қабылдайды. Ауырсыну уақытша басылады. Бірақ ол уақытша, бір-екі күндік. Жүрек қайта нашарлағанда оған көмектесу қиынға соғады дейді. Қалада жедел коронарлық синдромы бар науқастарды қабылдайтын 6 шұғыл катетеризация зертханасы ашылған. Қалалық кардиология орталығына күн сайын миокард инфарктісімен ауыратын 15-ке жуық науқас түседі.
«Жыл басынан бері 7 000-ға жуық науқас емделді. 191 жоғары технологиялық операция, жүрекке 373 ашық операция, 1322 стенттеу, 401 аритмологиялық операция жасалды. Жетекші кардиохирургтар мен аритмологтарды тарта отырып, 5 шеберлік сағаттары өткізілді. Өткен аптада ғана екі шеберлік сағаты өткізілді, оның аясында бір апта ішінде 35 ауыр науқасқа ота жасалды», — деді Алматы қалалық кардиологиялық орталығы директорының орынбасары.