Алматыда түнгі уақытта ірі жол апатын жасаған жүргізуші оқиға орнынан жаяу қашып, жасырынып үлгерді, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, 5 қыркүйек түнгі сағат 1:35-те Әуезов ауданында ірі жол апаты болды. «Мерседес» маркалы автокөлік Сайын көшесімен солтүстік бағытта келе жатып, «Ниссан», «Мерседес», «Тойота Ленд Крузер Прадо», «Шевроле» көліктерімен соқтығысқан. Жүргізуші оқиға орнынан жаяу қашып кетіп, жасырынып үлгерді.
«Қазіргі уақытта жүргізушінің кім екені анықталды. Оны ұстауға тиісті шаралар қабылданып жатыр. Жол апатынан «Ниссан» автокөлігінің жүргізушісі мен жолаушысы зардап шекті. Аталған дерек Әуезов ауданы полиция басқармасы қызметкерлерімен өндіріске қабылданды», — деп хабарлады қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметінен.