Алматыда ашылатын жаңа екі метро станциясы «Шұғыла» және «Төле би» деп аталуы мүмкін. Бұл туралы 2023 жылғы 16 маусымда қалалық мәслихаттың VI сессиясында Тілдерді дамыту және ономастика басқармасының басшысы Бақыт Қалымбет мәлім етті, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Оның айтуынша, метро стансасы құрылысы жобасының техникалық-экономикалық негіздемесі үшін екі жаңа станцияның атауын беру қажет.
«Наурызбай ауданындағы Шұғыла ш/а. Алатау даңғылының бойындағы №1 бекет ономастикалық тәжірибеге сүйене отырып, жолаушылардың бағдар алуына ыңғайлы болу үшін «Шұғыла» деп атау ұсынылып отыр. Ал Алатау даңғылымен ұзартылатын Төле би көшесінің қиылысында болатын №2 бекетке «Төле би» атауын беру ұсынылып отыр», — деді ол.
Қалымбеттің уәжінше, бұл ұсынысты Алматы қаласы ономастика комиссиясы құптаған. Қала басшылығы тарапынан да қолдау тапқан.
Енді бұл ұсыныс Алматы әкімдігі мен мәслихатының бірлескен шешімімен ҚР Үкіметінің жанындағы республикалық ономастика комиссиясына жолданады.
Ол комиссия келісім берсе, Алматы әкімдігінің қаулысымен шешім қабылданады.