Четверг, 28 ноября, 2024

Алматылық акушер аяғы ауыр әйелді пәтерінде босандырып алды

Алматыдағы №1 қалалық перзентхананың акушері Перизат Асқар толғағын елемей, тууға жақын қалған әйелді үй жағдайында босандырып алды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.

31 жастағы Алматы тұрғыны екінші баласы болғандықтан, перзентханаға толғағын «пісіріп» бір-ақ бармақшы болады.

Алайда, босану процесі жеделдеп, перзентханаға жете алмай қалған.

«Ол күні мен кезекшіліктен шығып, үйге қайтып келе жатқанмын. Аулада жедел жәрдем көлігі тұр. Жиналғандар төртінші қабатта аяғы ауыр әйелдің босануға жақын екенін айтты. Бірден сол пәтерге бардым. Екіқабат келіншек іші ауырса да, толғақ деп ойламаған. Тіпті, бала шығуға жақын қалыпты. Перзентханаға апаруға кеш еді. Сондықтан, үй жағдайында аман-есен босандырып алдым. Содан кейін жедел жәрдеммен перзентханаға алып кетті»,- дейді Перизат Асқар.

Айтуынша, перзентхана қабырғасынан тыс босандыру тәуекелге толы болса да, кейде шұғыл әрекет етуге тура келеді.

Мұндай жағдай болмау үшін жүкті әйелдер босануға дайындықты емдеу мекемесінде өтуі тиіс.

Жүктілігінің ерекшелігін, толғақтың барысын, босану кезіндегі әдістерді меңгергені жөн.

Осы салада 10 жылға жуық еңбек өтілі бар тәжірибелі акушер Перизат Абылайқызы осы уақыт аралығында мыңдаған сәбидің аман-есен өмірге келуіне себепші болды. Бір ғана кезекшілікте жеті нәрестенің кіндігін кескен кездеріде бар.

Өзге де өзекті мақалалар

Көп оқылған