Алматыдағы №4 қалалық аурухананың дәрігері Нұржан Әжібеков ұшақ бортында жағдайы нашарлаған жолаушыны құтқарып қалды, деп хабарлайды ARDA-AKPARAT.
Аурухана баспасөз қызметінің мәліметінше, наурыздың 24-інен 25-іне қараған түні қазақстандық туристер мысырлық Шарм-эль-Шейх курортынан Алматыға ұшып келе жатқан. Ұшудың екінші сағатында 72 жастағы жолаушының жағдайы нашарлаған. Жолсеріктер жолаушылар арасынан дәрігер іздеп, хабарлама жасайды. Ұшақ бортында болған дәрігер Нұржан Әжібеков пен С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің үш студенті бірден жауап қатады.
Егде жастағы әйелде жүрек талмасының барлық белгілері байқалған. Ұшақ Алматыға қонғанша 4 сағат бойы медицина қызметкерлері реанимациялық шаралар жүргізіп, шұғыл көмек көрсетеді.
«Бастапқы тексеру кезінде миокард инфарктісінің даму қаупі бар деп күдіктендім. Әйел ес-түссіз жатты, оған дейін құсқан, суық тер шықты, тамыр соғысы әрең сезілді, қан қысымы төмен болды. Содан кейін хаттама бойынша әрекет еттік: тамырлық кіру жасадым, құсудан асфиксияны болдырмау үшін ауыз-жұтқыншақты тазаладық, содан кейін жүрекке түсетін жүктемені азайту үшін науқастың аяғын 60°-қа көтердік. Науқасқа оттегі беретін Бобров аппаратын қостық. Студенттер белсенді түрде көмектесті. Қабылданған шаралардың нәтижесінде қан қысымы 80/60-тан 130/80-ге, қанықтылық 87-ден 96-ға көтерілді. Әйел есін жия бастады. Шағымы жалпы әлсіздік болды. Алдымызда келесі мәселе туындады: кері ұшып, жақын жердегі Иран еліне қонып, жолаушыны ауруханаға жеткізу немесе оттегі жағдайын сақтап, Қазақстанға ұшуды жалғастыру. Құдайға шүкір, бұл рейс барлық қажетті дәрі-дәрмекпен және құралмен жабдықталған болатын, бұл бізге әйелді тұрақты жағдайда ұстауға мүмкіндік берді, үйге ұшамыз деген шешім қабылданды. Біздің міндетіміз – рейс соңына дейін өмірлік маңызды көрсеткіштерді сақтау болды», — дейді Нұржан Әжібеков.
Нұржан Әжібеков – бас миы мен омыртқаға ең күрделі жоғары технологиялық операциялар жасалатын Алматы қаласы №4 қалалық аурухана нейрохирургия бөлімшесінің меңгерушісі. Сол күні дәрігер отбасымен демалыстан кейін үйіне қайтып келе жатқан.
Дәрігерге көмек көрсеткен студенттердің есімдері де белгілі: Дәулет Қажыров, Жарқын Рахат және Саида Бармағамбетова.
«Шарм-эль-Шейх-Алматы рейсінің ұшақ бортында жағдайы нашарлаған анамның өмірін аман алып қалған Нұржан Орынтайұлына алғыс білдіргім келеді. Менің анамның аты – Күлжамал Рахметуллақызы, 72 жаста. Біз Мысырдан қайтып келе жатқан едік. Ұшақ жоғары көтерілгеннен кейін, 5 минуттан соң анам өзін нашар сезіне бастады, белі ауырып, содан кейін басы да ауыра түсті. Мен стюардессаларға көмекке жүгірдім, олар ағылшын тілінде «Ұшақта дәрігерлер бар ма?» деп сұрау салды. Бірден Нұржан Орынтайұлы және 2 жігіт пен бір қыз жауап берді. Стюардессалар мөрленген алғашқы медициналық көмек қобдишасын ашу үшін дәрігердің жеке куәлігін сұрады. Құдайға шүкір, құжаттарын көрсете алды, ол кезде анам құсып, есінен танып қалған еді. Дәрігер Нұржан Орынтайұлының арқасында анам аман қалды», — дейді жолаушының қызы.
Туыстарының айтуынша, Күлжамал Рахметуллақызы Алматыға келгеннен кейін бірден ауруханаға жатқан, бүгінде жағдайы біршама жақсарыпты.