Алматыда Орталық қалалық клиникалық аурухананың дәрігерлері 37 жастағы емделушінің омыртқасындағы жарықты алып тастады. Жоғары технологиялық ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды, деп хабарлайды Arda-ақпарат.
Нейрохирургия бөлімінің меңгерушісі Марат Алматовтың айтуынша, науқастың бел омыртқадағы остеохандроз бен жарықтың зардабын тартқанына бірнеше жылдың жүзі болған. Сондай-ақ бұлшық еттері семіп, сол аяғын баса алмай қалған.
Дәрігерлер ақылдаса келе емнің мейлінше жеңіл әрі ең тиімді әдісі — шағын инвазивті тәсілін таңдаған. Бұл әдіс кеуде-бел омыртқа тұсында қысылып тұрған жұлын құрылымын толық қалпына келтіруге мүмкіндік береді.
«Операция жұмсақ тіндерді кеспей, тубустық кеңейткіш арқылы жасалды. Мұндай хирургиялық операция біздің стационарда тұңғыш рет болды. Винттер тері арқылы енгізілді. Операция барысында омыртқа арасына жасанды диск орнатылды. Үш сағатқа созылған ота сәтті аяқталды», — деді Марат Алматов.
Жаңа технологиялардың көмегімен жасалатын заманауи емдеу әдісі арқылы операция уақытын қысқартып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады.
Сонымен қатар, емделуші отадан кейін көп ұзамай аяққа тұрып кетуі тиіс.
Қазіргі уақытта емделуші ауруханадан шығуға дайындық үстінде.
«Кейінгі кезде өз аяғыммен жүруден күдер үзе бастаған едім. Мүгедек арбаға таңылдым. Қазір өзім жүріп-тұрамын. Айығып келе жатырмын, ауырсыну сезімінен арылдым. Нейрохирургия бөлімшесінің дәрігерлері мен медбикелеріне алғыстан басқа айтарым жоқ», — деді емделуші.